Бас тақырып

Балқашта кітап дүкені жоқ

«Бүгін ешкім кітап оқымайды» деген жансақ пікір бар. Ақылына ақы сұрамайтын ең құнды зат болып табылатын кітаптың пайдасын жұртшылық жақсы біледі. Кез келген жерде, кез келген уақытта қалаған кітапты оқуға немесе сатып алуға шағын шаһарда мүмкіндік жасалмаған. Себебі, бұрынғыдай көз алдыңда сөрелерде том-том болып тұратын әдеби туындылар ұсынатын кітап дүкені жоқ.

Сурет: cbs-saran.gov.kz сайтынан

Алыс-алыс ауылдар туралы әңгіме қозғамай-ақ қояйық, өзіміз көріп жүрген қала орталығында әдеби кітап сататын бірде-бір кітап дүкені жоқ екендігіне не айтасыз? Қазір бір кітап дүкенін ашып, ішін көркем әдебиет жауһарларымен толтырып қояйын деген жан болмай тұр. Көркем әдебиетпен ауызданбауынан жеткіншек ұрпақтың жан дүниесі де жұтаңданып, сүреңсіздене түскенін бүгінде екінің бірі айтады.

– 1990 жылдардың ортасына дейін қаламызда үш кітап дүкені жұмыс істеді: Уәлихан көшесіндегі №4 үйде «Кругозор», З.Сәбитова атындағы шағынауданда «Балалар әлемі» дүкені орналасқан ғимаратта «Спутник» және Желтоқсан көшесінде «Наука» кітап дүкені. Бұлардың екеуі 2000 жылға дейін жабылып үлгерген-тін, ал, «Кругозор» дүкені бертінге дейін жұмыс істеп тұрды. Онымен қоса кейіннен Абай көшесіндегі №40 үйде «Атамұра» баспасының дүкені мен М.Қазбекова көшесіндегі №2 үйде «Деловая литература» дүкені кітап сататын еді. Кітап өнімдеріне сұраныстың азайып кетуінен бұл екеуі де жабылып тынды. Иә, Балқашта қазіргі күні арнайы кітап сататын дүкен жоқ. Тек Қараменде би көшесінің бойында оқушылардың мектепке қажетті құрал-жабдықтарымен қоса көркем әдебиеттер сататын шағын бөлім ғана бар, – дейді белгілі журналист Қуандық Сәденов.

Кітапханашылардың айтуынша, қазіргі таңда қазақ тіліндегі әдеби шығармалар, әлем классикасы, психология, мотивация, әлемдік заманауи мелодрамалар, фантастика, мистика жанрындағы, балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттерге сұраныс көп. Ол сұраныстағы кітапты сатумен айналыспаған соң табу – өте қиын. Сонымен қатар, кітап сүйер жастарды қолдап, студенттерді кітап оқуға ынталандыру мақсатында жұмыс­тар жүргізілгенімен қаламызда кітап дүкенінің жоқтығы кедергі.

80 мың халқы бар Балқашта кітап дүкені жоқ дегенге біреулер сене қоймас. Бірақ, бұл – рас. Балқаштықтардың кітап дүкенінсіз қалғанына бес жылдың жүзі болды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button