Балқашта Инновациялық қосымша білім беру орталығы ашылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Балқаш қаласында Қосымша білім беру инновациялық орталығының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев қатысып, мұндай инновациялық орталықтың шағын қала үшін маңыздылығына ерекше тоқталды. Қала басшысы өз сөзінде балалардың заманауи білім мен технологияларды меңгеруі – өңірдің болашағына салынған инвестиция екенін атап өтіп, қосымша білім беру ұйымдарының жастардың әлеуетін ашудағы рөлін жоғары бағалады.

Мамандардың мәлімдеуінше, бүгінде Балқаш қаласында қосымша білім беретін 2 ұйым жұмыс істейді. Барлығы 3629 оқушыны қамтиды. Бұл мектеп оқушыларының жалпы санының 33 пайызын ғана құрайды екен. Осыған байланысты балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру мақсатында жаңа инновациялық орталықты ашу қажеттілігі туындаған көрінеді.

– Инновациялық орталықтың негізгі мақсаты – техникалық мамандықтарды насихаттау, оқушыларды IT-технологиялармен кеңінен қамту және ерте кәсіби бағдар беру. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратта балаларға ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар саласында заманауи әрі сұранысқа ие білім мен дағдыларды меңгеруге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, орталықта оқушылардың қабілеттерін анықтау, қолдау және дамыту, математикалық және ақпараттық сауаттылығын арттыру жолға қойылған. Оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Атап айтқанда, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етілген компьютерлер, веб-камералар, көпфункционалды құрылғылар, интерактивті тақталар мен сенсорлық панельдер, физика және химия зертханалары, өндірістік және лазерлік-граверлік станоктар орнатылған. Бұл оқыту үдерісінде дәстүрлі әдістерді жоғары технологиялармен ұштастыруға мүмкіндік береді, – деді Балқаш қалалық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекова.

Нысанды аралаған қонақтар Hi-tech цехта оқушылардың станоктарда жұмыс істеуін, дәнекерлеу және күйдіру жұмыстарын тамашалады. Сондай-ақ, буфетте Балқаш технология және сервис колледжімен жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында оқушылардың қатысуымен тәтті тағамдар дайындау бойынша шеберлік сабағы өтті. Екінші қабаттағы «Лаунж-зонада» «Стоп-кадр» балалар телестудиясының жаңалықтар түсірілімі, буккроссинг аймағы көрсетілді. Қонақтар физика және химия зертханаларының жабдықталуымен де танысты. Сонымен қоса, коворкинг орталығында ойын аймағы, психологиялық тренингтерге арналған демалыс аймағы және роботтарға арналған бағдарламалар құрастыру көрсетілген IT-кабинет жұмысын тамашалады. Таныстырылым соңында киімілгіш пен қауіпсіздік бөлмесі таныстырылып, бейнебақылау, дыбыстық хабарландыру және өртке қарсы дабыл жүйелері көрсетілді.

Айта кетейік, инновациялық қосымша білім беру орталығының ашылуы – Балқаш қаласының білім беру саласындағы маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Бұл орталық болашақта жас ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, заман талабына сай білікті мамандарды даярлауға зор үлес қосады дейді мамандар.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



