Балқашта экологиялық акция өтті
Еріктілер, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері Балқаш көлінің жағалауын тазартты. Бір сағаттық жұмыстың ішінде жастар 25 қап қоқыс жинаған.
«Жасыл ел» жасағының мүшелері медициналық колледж аумағындағы жағажайды тазалады. Орталық жағалау жөндеуге жабылғаннан кейін бұл жағажай балқаштықтардың да, қала қонақтарының да сұранысына ие болуда. Бұл жағалаудың шағын бөлігі болғанымен еріктілер 25 қап қоқыс жинаған.
Бірнеше күннен кейін бұл аумақты демалушылар қайтадан ластауы мүмкін. Жастар қала билігін осы жағажайды түбегейлі жақсартуға, электр жарығын тартып, жаңа кабиналар мен қоқыс контейнерлерін, камералар орнатуға шақырды.
– Бәлкім, камералар полицияға таудай қоқыс қалдыратын демалушыларды анықтауға, оларға айыппұл салуға және оларды тазалауға мәжбүрлеуге көмектесетін шығар,- дейді қала жастары.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.