АймақБалқашБас тақырып

Балқашта қайта өңделген пластиктен жасалған этноорындықтар орнатылды

Балқаш қаласында этностильде жасалған, қайта өңделген пластиктен құрастырылған заманауи орындықтар пайда болды. Олар «Қазақмыс» корпорациясына қарасты политехникалық колледж аумағында орнатылған. Қас қарайған шақта орындықтардың маңында күн сәулесінен қуат алатын шамдар жанады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Бұл экологиялық әрі креативті жобаның авторлары — колледж студенттері Аида Мұханова мен Толғанай Жолдыбай және олардың ғылыми жетекшісі, тарих пәнінің оқытушысы Гүлзада Шайжанова.

2023 жылы олар «Туған жерге қамқорлықпен!» атты экологиялық марафонға қатысып, «Эко-этно тұғыр» атты жобасын таныстырды. Студенттер экологиялық орындықтардың дизайнын жасап, көше шамдарының жұмыс механизмін ойластырды және оларды орнатудың техникалық сызбасын әзірледі. Жоба байқауда бірінші орынды жеңіп алып, 800 мың теңге көлеміндегі грантты иеленді.

– Жүлде қаражаты есебінен полимер қалдықтарын қайта өңдейтін серіктес компанияны таптық. Балқашта ондай кәсіпорын болмағандықтан, Қызылорда облысындағы өндіріс орнымен жұмыс істедік. Олар бізге орындықтар, қоқыс жәшіктері мен күннен қуат алатын шамдарды дайындап берді. Енді бұл жабдықтарды колледждің техникалық қызметкерлері күтіп-ұстайды: қажет болса, күн панельдерін тазартып, шамдарға жаңа жарық көздерін орнатады, – дейді Гүлзада Шайжанова.

Ол болашақта бұл бастаманы Балқаштың өзге аумақтарында да жалғастыруға ниетті. Жобаны кеңейтіп, қалада эко орындықтардың санын арттырмақ. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен орындықтардың маңына қазақтың күйлері ойнатылатын музыкалық колонкалар орнату жоспарда бар.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button