«Балқаш жолбарысының» бапкері
Қазақ боксына еңбек сіңірген жаттықтырушы, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Александр Апачинский тірі болғанда биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтер еді. Бокс саңлақтарының тұтас бір толқынын тәрбиелеп шығарған жаттықтырушының спорттық мансабының шыңы шәкірті Василий Жировтың 1996 жылғы Атлантадағы Олимпиадада алтын алған жетістігі болып, ел тарихында алтын әріппен жазылды. Замандастарының айтуынша, ол жанашыр дос, бокс жанкүйері болды. Қазақстандағы кез келген боксшы Александр Апачинскийді елдегі ең мықты жаттықтырушылардың бірі деп атайды.
Көпшілікті спортшының өмірбаяны мен жеке өмірі, жеткен жетістіктері қызықтырады. Жаттықтырушы өзінің 60 жылдық ғұмырында талай шәкіртінің жеңіс тұғырына көтерілуіне тер төкті. Александр Апачинский 1953 жылы қаңтар айында Латвия ССР-нің Моданский ауданы Эргли кентінде дүниеге келген. Сол жылы ата-анасы Балқашқа көшіп келеді.
Александр №9 мектепте оқып, 8-сыныптан кейін №20 қалалық кәсіптік-техникалык училищеде электрик мамандығы бойынша оқуын жалғастырады. Осы кезден жалынды жас спортпен шұғылданады. Еңбек жолын нан зауытында электрик болып жұмыс істеуден бастаған бапкер 1971-1973 жылдар аралығында әскери борышын өтейді. Бұл туралы досы Владислав Батырбаев былайша еске алады.
– Өткен ғасырдың 60-жылдарында мен футбол ойнай бастадым. 1966 жылы Балқаш қаласындағы «Металлург» стадионының жанындағы футбол мектебіне түстім. Саша Апачинский сол кезде бокста жүр еді. Содан достығымыз басталды. Орта мектепті бітіргеннен кейін мен өндіріс саласына бет бұрдым. Ал, Александр өз өмірін спортпен мәңгілікке байланыстырып, жаттықтырушы болды. Кейін біз әскерге шақырылдық. Ол Германияда, мен Забайкальеде Отан алдындағы борышымызды өтедік.
Біздің жаттығу залымыз көрер көзге елеусіз еді. Өйткені, бізде залды біреулер алып, өз пайдасына пайдалана ма деген қорқыныш болатын. Дәл осы залда кейінірек кәсіби бокста «Балқаш жолбарысы» деген лақап атқа ие болған атақты Василий Жиров жаттықты. Сол арадан мен әртүрлі халықаралық турнирлерге бардым, – дейді досы Владислав Батырбаев.
Бапкер 1980 жылға дейін «Балқаш» спорт клубында бокс жаттықтырушысы болып жұмыс істейді. 1981-1985 жылдар аралығында Балқаш қалалық №4 кәсіптік-техникалық училищесі базасында құрылған «Трудовые резервы» қоғамында қызмет атқарады. Осы жылдары бокстан Қазақстан Республикасының құрама командасының аға жаттықтырушысы болып қосымша еңбек етеді. 1992 жылы бокспен шұғылданатын жастар арасында Еуропа чемпионы Василий Жировты дайындағаны үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» және 1996 жылы Атланта қаласында өткен XXVI жазғы Олимпиада ойындарынан соң «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. Александр Апачинский Қазақстан боксшыларының құрама командасының аға жаттықтырушысы болып тұрған уақытта – 2000 жылғы XXVII Сидней Олимпиадасында Қазақстан боксшылары 2 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Осы Олимпиададан кейін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2000 жылы 7 қарашада Александр Апачинскийге Балқаш қалалық мәслихатының шешімімен «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Олимпиада чемпионы мен Баркер кубогының иегерін тәрбиелеген республиканың аға жаттықтырушысының қарапайымдылығын замандастары жиі айтады. Ол еденді өзі жуып, тіпті, бір қыста спорт кешенінің жылуын өшіргенде үш күн бойы жылыту жұмысымен айналысқан көрінеді. Бапкер жұмысында қатал көрінгенімен, Василий Жировты туған ұлындай жақсы көріп, құрметтеп, мақтаныш еткен.
Сөз орайында тоқтала кетейік. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында Апачинский Бекзат Саттархановқа жігер беріп, қызыл жейдесін кигізген. Ол боксшыға киімі үлкен болмас үшін бір шетін түйіп, байлап берген екен. Бекзат үлкен екенін айтқанда, бапкер оған: «Бұл үлкен болғанымен, қарсыласыңның мысын басатын қасиеті бар, сен жеңесің», – деп жауап беріпті.
Спорттық мансаптарын аяқтағаннан кейін спортшылардың көбіне мықты жаттықтырушы болу бақыты бұйырмайды. Бұл – әлдеқашан дәлелденген жайт. Ал, білікті бапкер болу жігер мен табандылықты талап етеді. Марқұм Александр Апачинскийдің бапкерлік кәсіпте бағы жанды деп айтуға толық негіз бар.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz