АймақБалқаш

Балқаш жастарына «Өркен» сыйлығы табысталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Балқаш қаласында жастардың еңбегін, ізденісін және ел дамуына қосқан үлесін дәріптейтін дәстүрлі шара – қала әкімінің «Өркен» жастар сыйлығын табыстау рәсімі жоғары деңгейде өтті. Биыл бұл марапат 16-рет ұйымдастырылып, ел ертеңі саналатын жалынды жастардың жетістіктері тағы бір мәрте айқындалды.

Сурет автордан

Салтанатты кешті Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Данияр Серіков ашып, жастарға жүрекжарды лебізін білдірді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы» деген қанатты сөзін негізге ала отырып, жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Бұдан кейін жастарды марапаттады.

Алғаш болып «Мейірім» номинациясы табысталды. Бұл марапат жастар саясатына белсене араласып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосқан Ақмарал Жұмағазықызына бұйырды. «Қайсар» номинациясының жеңімпазы – жастар арасында қазақстандық патриотизмді дамытуға атсалысқан Аманжол Қайратұлы. Еңбекке баулып, адал қызметтің үлгісін көрсеткені үшін «Еңбек адамы» номинациясымен Әкім Мінәпас марапатталды. Ал, өз ісінің хас шебері атанған Ерболат Нұрланұлы «Шебер» номинациясының иегері болды.

Сонымен қатар, Балқаш қалалық мәслихатының төрағасы Ахат Мүслімов келесі бірқатар марапаттарды табыстады. «Білім және ғылым саласындағы үздік жас маман» атағы жас ұрпақты білім мен ғылымға жетелеп жүрген Ақбаян Жұмыроваға берілді. Оқу мен ғылымда биік нәтижелерге қол жеткізген Дильда Еркебаева «Жыл оқушысы» атанды. Халықаралық ареналарда ел намысын қорғап жүрген спортшы Рамазан Нұрлыбаев «Жыл спортшысы» номинациясымен марапатталды. Жеңімпаз қазіргі уақытта жарысқа дайындықта болғандықтан, сыйлық оның серіктесіне табысталды. Мемлекеттік қызмет саласында белсенділігімен танылған Тұрбек Нұрахметұлы «Жас мемлекеттік қызметші» номинациясының иегері болды. Сондай-ақ, Балқаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов «Жыл студенті» номинациясын табыстап, бұл марапатқа Анель Амиртаева лайық деп танылды.

«Алтын арна» ЖШС директоры Гаухар Тлеуғабылқызы «Жыл волонтері» номинациясын табыстап, еріктілік қызметті дамытуға үлес қосқан Нұрбатыр Бимурзинді марапаттады. Және Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, «Өркен» сыйлығының тұрақты демеушісі Андрей Сокульский «Жас өлкетанушы» номинациясын табыстап, бұл атаққа Павел Новокшонов ие болды. Сонымен қатар, «Өркен медиа» ЖШС атқарушы директоры Ирина Федорова ақпарат саласындағы бірқатар жастарды марапаттады.

«Ақпарат саласының белсендісі» номинациясын Айдана Несіпбай мен Гүлзат Каукербекова иеленсе, интеллектуалдық даму мен кітап оқуды насихаттағаны үшін «Ізденіс» номинациясы Айгерім Аманғалиге табысталды. Айта кетерлігі, «Ақпарат саласының белсендісі» номинациясының иегері Гүлзат Кәукербекова – біздің әріптесіміз, «Балқаш өңірі» газетінің тілшісі. Ол ақпарат саласында тынымсыз еңбек етіп, қала өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, жастар саясатын, қоғамдық бастамаларды, әлеуметтік тақырыптарды кеңінен насихаттап келе жатқан білікті журналист. Оның қаламынан туған әрбір мақала – қоғам мен оқырман арасындағы алтын көпір іспетті. Бұл марапат – кәсіби шеберлігі мен адал еңбегіне берілген әділ баға деп пайымдадық.

Салтанатты кештің соңы ән мен биге ұласып, көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Кешті қорытындылаған ұйымдастырушылар «Өркен» сыйлығы – жастардың еңбегін бағалап қана қоймай, оларды жаңа асуларға жетелейтін үлкен қадам екендігін атап өтті.

Нұрдос КӘРІМ

«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button