Балқаш жағалауында алғашқы туристік орталық ашылды
Балқашта туристерге арналған алғашқы визит-орталық ашылды. Visit Balkhash орталығына келушілер Солтүстік Балқаш өңірінің табиғи және мәдени нысандары туралы толық мәлімет ала алады.

Бектау ата таулы аймағының сұлулығы мен тораңғы тоғайының бірегей табиғатынан бастап, мұражайлар мен тарихи орындарға дейінгі бағыттар ұсынылады. Орталық қызметкерлері туристерге сапар бағытын таңдауға, қонақүй не демалыс базасын брондауға, сондай-ақ әйгілі балқаш балығын қайдан дәм татып, кәдесыйларды қайдан сатып алуға болатыны туралы кеңес береді. Мамандар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеді.
Облыстық туризм басқармасының мәліметінше, визит орталық жақын арада Қарқаралыда ашылмақ. Осы аралықта жыл соңына дейін өңірдегі ішкі туризм көлемі 450 мың адамға, ал шетелдік келушілер саны шамамен 40 мың адамға жетеді деп күтілуде.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ