АймақБалқаш

Балқаш жағалауы көркейеді

Биыл Балқаш қаласындағы жағалау абаттандырылмақшы. Қала тұрғындары серуендеп, демалатын орын аумағында жаңа аллеялар, балалар ойын және спорт алаңдары, велосипед жолы, тротуарлар салу қарастырылған. Негізгі аллеяның ені – 6-7 метр, тротуарлардың ені 2-4 метр болады. Жаңа алаңдарға сұр және қызғылт сары түсті бетон плиткалары пайдаланылады. Абаттандыру сәуір айында басталады. Жағалау екі кезеңде салынады. Әрқайсысына шамамен екі миллиард теңгеден қаржы бөлінген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүретін аумақтың жобасы бекітілген. Бұл туралы Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Бөлеген мәлімдеді.

– Қала халқынан жағалау жағдайына байланысты көптеген шағым түсті, олар көл маңын абаттандырып, жақсартуды сұраған. Абаттандырылған жағалау қалалықтар мақтан тұтатын, қала қонақтары айта жүретін символ болмақ. Туризмді дамыту үшін де маңызды. Жағалауды абаттандыру аясында көк, ақшыл көк, ақшыл сары және жасыл түсті резеңке-каучук жабын жабылған балалар ойын және спорт алаңдарын жабдықтау жоспарлануда. Ойын кешендері әр түрлі жастағы балаларға арналған. Боялған асфальтбетон жабыны мен велосипед тұрағы бар ені үш метр заманауи велосипед жолы салынбақшы, – деді Нұрболат Бөлеген.

Мамандардың айтуынша, жағалауда шағын архитектуралық формалар, көлеңкелі галереялар, самалжайлар, перголалар, саябақтағы ағаш орындықтар, бетон негізіндегі орындықтар, урналар, мүсіндер, ағаш әткеншектер, спорттық жабдықтар мен көше тренажерлері, субұрқақтар орнатылады.

Қаланың кез келген азаматы туған жерін гүлдендіріп, абаттандырып, таза ұстауы керек деген Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Бөлеген балқаштықтарды тазалық сақтауға шақырды.

– Қалалық жағажайды абаттандырудың мақсаты – қаланың экологиялық аймағын қорғау және сақтау, Балқашта туризмді дамыту. Айта кетейік, бірінші кезеңде бұл жұмысты «Балқаш жібек жолы» компаниясы атқарады. Жағалаудың осы учаскесін жөндеуге республикалық бюджеттен 1 миллиард 976 миллион теңге бөлінеді. Оның ішінде 1 миллиард 504 миллион теңге құрылыс-монтаждау жұмыстарына жоспарланған, 350 миллионнан астамы жабдыққа жұмсалады. Жұмыс сәуір айында басталып, 9 айға созылады. Техникалық қадағалауды «Қызмет-Инжиниринг» ЖШС (Қарағанды қаласы), авторлық қадағалауды – «ENVICON-A» ЖШС (Энвикон-А) (Алматы қаласы) жүзеге асырады. Жағалаудың екінші бөлігін жөндеуге шамамен 2 миллиард теңге жұмсалады. Бұл аумақ көлемі 9 гектарға жуықтайды. Жағалаудың бөлігін де талапқа сай абаттандыратын боламыз, – дейді Нұрболат Бөлеген.

Айта кетейік, шағын шаһарды туристік қалаға айналдыруға септігін тигізетін іс-шаралар жалғаса береді.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button