Балқаш үздік курорттық аймақ қатарына кірді
2024 жылы Қазақстанның туризм саласы қарқынды дамып, отандық және шетелдік туристер үшін танымал демалыс орындарына айналды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, былтыр елдегі курорттық аймақтарда 4,3 миллион адам демалды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,7%-ға артық көрсеткіш. Келушілердің 17,4%-ын шетел азаматтары құраған.

Жыл қорытындысы бойынша еліміздегі ең танымал курорттық аймақтар бестігі анықталды:
1. Алматы тау кластері – 2,7 миллион туристі қабылдап, еліміздегі ең танымал демалыс орны атанды. Таулы табиғат, шаңғы базалары мен экотуризм нысандары бұл өңірдің басты артықшылығы болып отыр.
2. Маңғыстау курорт аймағы – Каспий теңізінің жағалауы мен ерекше табиғи ландшафттар 408,8 мың туристі өзіне тартқан.
3. Щучье-Бурабай курорт аймағы – Солтүстік Қазақстандағы бұл демалыс орны 346,7 мың келушіні қабылдап, танымалдығын сақтап отыр.
4. Балқаш туристік аймағы – 135,1 мың туристке қызмет көрсеткен Балқаш биыл үздік бестікке еніп, отандық туризм картасында маңызды орын алды. Көлдің ерекше экожүйесі мен жағажайлық демалыс түрлері туристерді қызықтыруда.
5. Алакөл курорттық аймағы – Абай облысындағы танымал демалыс орны 125,6 мың келушіні қабылдап, үздік аймақтар қатарынан көрінді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА