Спорт

Балқаш қызы топ жарды

Семей қаласында ересектер арасында кикбоксингтен ел біріншілігі жоғары деңгейде өтті. Айтулы дода бір­ден екі тарихи оқиғаға ар­налды: ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы мен елімізде кик­боксинг спортының дамуына 35 жыл толуы. Чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 200-ден астам спортшы қатысып, нағыз күш пен рух, шеберлік пен төзімділік сынға түсті. Спортшылар 12 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Балқаштық кикбоксшы, 48 келі салмақта өнер көрсеткен Гаухар Сайлаубек аталмыш турнирде қарсыластарына дес бермей, чемпион атанды.

Сурет кейіпкердің мұрағатынан

Финалда кикбоксшы былтыр­ғы ел чемпионы, Тараз қаласының спортшысымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Гаухардың айтуынша, Абай облысының өкілдерімен болған жекпе-жек те оңайға соқпаған.

– Бұл жарыс мен үшін өте маңызды болды. Жеңісімді туған жеріме арнаймын. Алда бізді үлкен бәсекелер күтіп тұр. Ташкентте өтетін Әлем кубогына және Абу-Даби қаласында өтетін халықаралық турнирге жолдама алдық. Соған дайындықты бастаймыз, – дейді чемпион.

Гаухардың бапкері, кикбоксингтен аға жаттықтырушы Дулат Саметов шәкіртіне біраз дема­лыс беріп, алдағы жарыстарға тың­ғылықты дайындық жүргізілетінін жеткізді.

Айта кетейік, Гаухар Сайлау­бек – кикбоксингтен Қазақстан Рес­публикасының спорт шебері. Қазақстанда бес дүркін ел чемпионы атанған, әлем ареналарында көк байрағымызды көкте желбіреткен спортшы.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button