Ресми

Балқаш туризм мекеніне айналады

Облыс тұрғындарын Балқашқа дейінгі күрежолдағы жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі толғандырып жүргені жасырын емес. Жол құрылысы мамандары осы жылдың соңына қарай төрт жолақты жол пайдалануға берілетінін айтып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ Балқаш қаласына жұмыс сапары барысында мәлім болды.

Аймақ басшысы Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал учаскелеріндегі жол жұмыстарымен танысты.

– Қарағанды – Балқаш автожолының бойында осы жылы төрт жолақты ашуды жоспарлап отырмыз. Бурылбайтал жағына бір учаске бар. Ол бойынша қазір жауапсыз мердігермен жұмыс істеп жатырмыз және шартты бұздық. Қазір жобаны уақытылы аяқтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын жаңа компания пайда болды, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Асқар Мұратұлы.

Оның айтуынша, Қарағанды – Балқаш автожолында жөндеу жұмыстары жартылай жүргізілген. Балқаш – Бурылбайтал учаскесінде 45% жұмыс орындалды. Жол жұмыстары үшін Балқаш тасжолында тек қала маңында ғана емес, Қарағанды қаласы, Шет аудандарында да сегіз құрылыс базасы ашылған. 10 ұсақтау-сұрыптау кешені, тоғыз асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Сапаны тексеру үшін алты сертификатталған жол зертханасы жұмылдырылды.

Туристік аймақ үшін сапалы көлік инфрақұрылымы маңызды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саят Шайминнің айтуынша, Балқашта облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды ретке келтіруді жалғастырады.

Ақтоғай – Балқаш автожолын, Тасарал ауылына кіреберісті, Балқаш және Ақтоғай аудандарындағы 16 көшені жөндеу жоспарланған. Балқашта жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі биыл 76%-ға дейін жеткізілуі тиіс.

Жұмыс сапары барысында Жеңіс Қасымбек Балқаштағы вакциналау пункттерінің бірін аралап көрді. 8 мың адам коронавирусқа қарсы екпе алды. Сондай-ақ, облыс басшысы күн электр станциясының құрылыс алаңында болды. «KAZ GREEN ENERGY» ЖШС 100 МВт күн панельдерін орнатады. Іске қосу екі кезеңде жоспарланған – әрқайсы 50 МВт. Алғашқы күн батареялары осы жылдың жазының аяғында энергия өндіруді бастайды.

***

Балқаш маңындағы туризм аймақтарында көптен күткен инфрақұрылым құрылысы биыл басталады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары барысында өңірде туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Балқаш қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков хабарлағандай, биыл Бертіс шығанағы аймағындағы туристік нысандарды электр желісіне қосу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысын бастау жоспарлануда.

– Республикалық бюджеттік комиссия Бертіс шығанағының туристік нысандарына электр беру, сумен жабдықтау, су бұру желілерін салу жөніндегі өтінімдерді қолдады. Бұл – туристік аймақтар үшін көптен күткен жоба. Оның іске асырылуымен кем дегенде 18 бизнес-жоба құрылысының басталуы тығыз байланысты, – деп баяндады Ораз Тәуірбеков.

Кеңесте Балқашқа Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерін қосу мәселесі көтерілді. Бүгінгі таңда осы ауылдарда жағалау аймағын егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары бар. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына ЖСҚ әзірлеуге шарттар жасалды.

Кенттер қала шекараларына қосылғаннан кейін жағалау аймағының 22 шақырымы инженерлік коммуникациялармен қамтамасыз етіледі және абаттандырылады. Қыркүйекке қарай барлық қажетті құжаттар әзірленеді. Мұнда жеке инвестициялар есебінен 12 демалыс аймағы мен туризм нысандарының құрылысы жоспарлануда.

Облыс басшысы Тораңғалықта ауылдың сыртқы келбетіне назар аударуды тапсырды.

– Кентке кіреберісте қираған ғимараттар мен үйлер бар. Бұл нысандардың иелері бар-жоғын біліңіздер. Қалпына келтіру мүмкін емес нысандарды бұзыңыздар. Ал, қалыпқа келтіруге болатын үйлерді ретке келтіріп, кезекте тұрғандар арасында бөліңіздер, – деді Жеңіс Қасымбек.

Кеңесте көтерілген тағы бір мәселе – ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімділігі мен сапасы. Барлық байланыс операторларының интернет желісіне 4G жылдамдықпен қосылу қызметтерін көрсету мүмкіндігі болуы үшін жабдықты шерингті пайдалану ұсынылады. Қазір осы бағытта Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, туристерге ыңғайлы болу үшін Балқаш аэровокзалын қайта жаңарту жоспарлануда.

Өткен жылы ұшу-қону жолағын жөндеу аяқталды. Мұнда халықаралық авиарейстерді қабылдау үшін бұру жолын, аэровокзалды, перронды қайта қалыпқа келтіру үшін құжаттар әзірленді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button