АймақБалқаш

Балқаш туристік брендке айналады

Қарағанды қаласында өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сапар Сатаев Балқаш қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, жүзеге асып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар туралы жан-жақты баяндады. Брифинг барысында шаһар басшысы қаланың өндірісі, туристік әлеуеті, инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, журналистер сұрақтарына жау­ап берді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Балқаш экономикасының негізгі тірегі – өнеркәсіп саласы. Бүгінде қаладағы 21 ірі өндірістік кәсіпорында 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өткен жылы өндіріс көлемі 1 триллион 90 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105 пайызды құрады. Өндірістік әлеует жыл сайын артып келеді. Биыл бұл көрсеткішті 1 триллион 100 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Инвестиция тарту бағытында да нәтижелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы қала экономикасына 85 млрд теңге инвестиция құйылды. Ал, биыл бұл көлемді 115 млрд теңгеге дейін көбейту көзделіп отыр, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Қала әкімінің айтуынша, Балқаш өңірінде ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік те дамып келеді. Қала маңында 110 фермерлік және ауыл шаруашылық ұжымдары жұмыс істейді. Өткен жылы өндірілген өнім көлемі 3 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда өсім байқалды. Тұрғындарды қолжетімді азықтүлікпен қамтамасыз ету мақсатында 31 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жәрмеңке барысына 200 тоннадан астам ет, балық, сүт өнімдері мен жеміс-жидек сатылған. Сонымен қатар, екі әлеуметтік павильон ашылған.

Сондай-ақ, бөлшек сауда айналымы да өсім көрсетіп отыр. Былтыр сауда көлемі 47 млрд теңгеге жетсе, биыл оны 54 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда. Қала экономикасының серпінді дамуына шағын және орта кәсіпкерлік те елеулі үлес қосуда. Бүгінде Балқашта 5856 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 11 мыңнан астам адам, яғни экономикалық белсенді халықтың шамамен 29 пайызы еңбек етуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр 1,4 млрд теңгеге 11 жоба субсидияланып, 444 млн теңгеге 9 жоба кепілдендірілген. Сауда және қызмет көрсету саласына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылған 16 жоба іске асып, 40 жаңа жұмыс орны ашылған.

Спикер әсіресе, көл жағасындағы шаһар туристер жиі ат басын бұратын бағыттардың біріне айналып келе жатқандығын атап өтті.

– Балқаш өңірінің табиғаты мен көл жағалауы соңғы жылдары туристер үшін тартымды бағытқа айналып келеді. 2025 жылы қалада 96 орналастыру нысаны жұмыс істеп, оларда 2263 номер және 6382 төсек-орын ұсынылды. Өткен жылы қалаға келген туристер саны 170 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 40 пайызға артты. Ақшағыл жағажайында жыл сайын өтетін «БалхашTourfest» фестивалі де қаланың туристік брендіне айнала бастады. Өткен жылы бұл шараға 50 мыңнан астам адам қатысты, – деді спикер.

Шаһар басшысының мәлімдеу­інше, қалада құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Өткен жылы құрылыс көлемі 99 млрд теңгеге жетіп, айтарлықтай өсім көрсетті. 45 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, қосымша 94 пәтер сатып алынды. Нәтижесінде әлеуметтік осал топтағы 45 отбасы баспаналы болған. Биыл тағы үш тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жүйелі жүргізілуде.

Қала келбетін көркейтіп, тазалық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ондаған сенбілік ұйымдастырылып, мың тоннаға жуық қоқыс шығарылған. 4,8 мыңнан астам ағаш отырғызылып, қала аумағы көгалдандырылған.

Әлеуметтік салаға да басымдық берілді. Қала әкімі атап өткендей, медицина саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Қаладағы көпсалалы аурухана базасында әйелдер консультациясы мен мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылған. Жақын уақытта заманауи стоматологиялық орталық іске қосылмақшы. Сонымен қатар, аурухана жанынан ангиографиялық операциялық блок салынды. Балаларға арналған реабилитациялық орталық ашу жұмыстары жақын арада аяқталады.

Спорт саласында қала тұрғындарының 42 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Өткен жылы 100-ден астам бұқаралық спорттық шара өткізіліп, балқаштық спортшылар республикалық және облыстық жарыстарда 193 медаль иеленген. 2025 жылы қалада 900 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға берілген. Сонымен қоса, балалар мен жасөспірімдердің техникалық шығармашылық орталығы ашылып, онда ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелер жұмыс істеуде. Жастарды қолдау бағытында «Жасыл ел» бағдарламасына 250 жас қатысып, бірқатар жастар мемлекеттік гранттарға ие болған.

Баспасөз мәслихаты соңында Сапар Сатаев Балқаш қаласының дамуы тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button