АймақБалқашБас тақырыпЖаңалықтар

Биыл Балқашқа 135 мыңнан астам турист келген

Көгілдір көлдің жағасында орналасқан Балқаш бүгінде жай ғана өнеркәсіптік қала емес, еліміздегі туризмнің жаңа орталығына айналып келеді. Көркем табиғат пен тарихи-мәдени әлеуетті үйлестіре білген өңір туристердің назарын барған сайын өзіне көбірек аударып отыр. Соңғы жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Балқаш аймағы демалыс пен саяхаттың жаңа мекеніне айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда. Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды», – деді. Сонымен қатар, шетелдерден туристер тарту басты назарға алынатындығын атады. Осы орайда Балқашта туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева

Туризм тамырына қан жүгірді

Су мен құмның, көкпен астасқан көлі мен шөлейт даланың тоғысқан тұсында орналасқан Балқаш өңірі қазір бір ғана жазғы маусымда мыңдаған отандық және шетелдік туристерді қабылдауда. 2024 жылдың қорытындысына сүйенсек, Балқаш өңірінде туризм саласы айтарлықтай серпін алып, барлық көрсеткіштер бойынша өсу қарқыны байқалған.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың мәліметінше, 2024 жылы өңірде туристерді орналастырумен айналысатын нысандардың саны 96-ға жетіп, бір жыл ішінде 19 нысанға артқан. Бұл – саланың дамуында нақты ілгерілеу бар екенін көрсететін айғақты дерек. Қонақ үйлер мен демалыс базаларындағы бөлмелер саны 2 141-ге жетсе, бір жолғы сыйымдылық 5 968 төсек-орынға дейін ұлғайған. Бұл көрсеткіштер 2023 жылмен салыстырғанда тиісінше 38% және 42% өсімді көрсетіп отыр.

Жайлы жағажай, сапалы сервис, көрікті көрінісі туристердің Балқашқа деген қызығушылығын арттыра түсуде. Биылғы жылдың өзінде 135 мыңнан астам қонақ Балқаштың баурайына табан тіреген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 28 пайызға артық көрсеткіш. Демек, жыл сайын Балқашқа асығатын жандардың қатары көбейіп келеді.

Сапалы қызмет көрсету, әртараптандырылған туристік өнімдер мен инфрақұрылымның жақсаруы нәтижесінде сала табысы да еселеп артып отыр. 2024 жылы туризмнен түскен табыс көлемі 2,4 миллиард теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 71 пайызға көбейген. Бұл көрсеткіш өңір экономикасының дамуында туризмнің үлесі артқанын білдіреді.

Инвестиция – алдағы күннің кепілі

Кез келген саланың тірегі – тұрақты инвестиция. Бұл бағытта да Балқаш қарқынды даму үстінде. 2024 жылы құны 350 миллион теңге болатын үш демалыс аймағы іске қосылып, туризм инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған нақты жобалар жүзеге асты.

2025 жылдың алғашқы айларынан бастап тағы екі демалыс аймағы мен бір қонақүй пайдалануға беріліп, бұл нысандарға 900 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Ал, жыл соңына дейін жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын үш туристік нысанның құрылысы аяқталмақ.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдаудың арқасында 703 миллион теңге көлемінде несие бөлініп, бес бірдей жоба қаржыландырылды. Бұл көрсеткіштер туризмнің бизнес қауымдастық үшін де тартымды салаға айналғанын дәлелдейді.

Жаңғыру – жарқын болашақтың бастауы

Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қалада және оның маңындағы елдімекендерде инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да қызу жүріп жатыр. 2023 жылдан бастап Балқаштың жағалауы мен қалалық жағажайда қайта жаңғырту жұмыстары басталған. Жоба бірнеше кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда бірінші кезеңнің (құны – 101 млн теңге) жұмыстары жалғасуда. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарланса, екінші кезең (103,7 млн теңге) биылғы жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Туризмнің тұрақты дамуы тек демалыс орындары мен жол-көлік жүйесіне ғана емес, коммуналдық инфрақұрылымға да тікелей байланысты. Осы орайда Балқаш қаласынан Торанғалық ауылына дейін созылатын 28,9 шақырымдық магистралды су құбырының құрылысы басталды. Жобаға республикалық бюджеттен 700 млн теңге бөлінген. Бұл – тек туристер үшін емес, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыратын маңызды бастама.

Сондай-ақ, Балқаш қаласы әуежайын жаңғырту жұмыстары қолға алынып, өңірге келетін әуе рейстерінің санын көбейту арқылы туристік ағынды ұлғайту көзделуде.

Гигиеналық жағдай да назардан тыс қалмаған. 2024 жылы Бертыс шығанағы мен Торанғалық, Шұбартүбек ауылдарында 13 санитарлық-гигиеналық торап орнатылса, биыл тағы екі нысан іске қосылып, бұл бағытқа 80 миллион теңге қаражат жұмсалды.

Президент Жолдауы – нақты іске негіз

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді ұлттық экономиканың драйверлерінің бірі ретінде атап өтті. Президент инфрақұрылымды дамыту, сервис сапасын көтеру, ішкі туризмді қолдау және өңірлік әуе қатынастарын жандандыру қажеттігін нақты тапсырды. Мемлекет басшысының осы тапсырмалары Балқаш өңірінде жүйелі жүзеге асып жатыр. Қауіпсіздік пен тазалық мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде Балқаш қаласы мен Торанғалық және Шұбартүбек ауылдарында құтқарушылар, учаскелік полиция инспекторлары, төтенше жағдайлар қызметі және жедел медициналық көмек бригадаларының тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылған. Биылғы жылы 20-21 маусым күндері өткен «Балқаш Tourfest – 2025» халықаралық фестивалі – өңірдің туристік әлеуетін айқын көрсеткен айтулы шара болды. Екі күнге созылған думанды кешке 50 мыңнан астам адам қатысып, Балқаштың керемет көркі мен мәдени көптүрлілігіне тағы бір мәрте көз жеткізді. Ал, 4-7 шілде аралығында өңірге келген туристер саны 60 мыңнан асып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары көрсеткішті құрады.

Айта кетейік, көл жағасындағы бұл көркем өлке бүгінде тыныш мекеннен туризмнің жаңа тынысын ашқан, инфрақұрылымы дамыған, инвестицияға тартымды аймаққа айналып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жүйелі шаралар нақты нәтижесін беріп отыр. Туристер саны артып, көрсетілетін қызмет ауқымы кеңейген. Бұл – тек бастамасы ғана. Алда Балқаштың жаһандық туристік брендке айналуына да толық негіз бар. Өйткені, табиғат берген көркемдік пен адам еңбегі үйлескен жерде даму да, табыс та қатар жүреді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Балқаш

Басқа материалдар

Back to top button