АймақБалқашБас тақырып

Балқаш студенттері Түркия университеттеріне грантқа түсе алады

Балқашта жұмысшы мамандықтары өкілдерінің арасында өткен «WorldSkills Kazakhmys-2024» IV корпоративтік чемпионаты аясында «Қазақмыс» Политехникалық колледжі Түркия Республикасының университеттер қауымдастығымен келісімге қол қойды.

Суреттер: “Қазақмыс” корпорациясының политехникалық колледжі

Нәтижесінде колледждің 20 шақты студенті оқуын аяқтаған соң, Түркиядағы университеттерге грантқа түсу мүмкіндігіне ие болады.

Кездесу барысында білім беру мекемелері мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланып, тараптар корпоративтік чемпионат ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасты.

Келіссөздің маңызды сәттерінің бірі – Қазақмыс корпорациясы Политехникалық колледжінің YKC INTERNATIONAL компаниясы және «Turkye-grant» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Бұл келісім халықаралық байланысты нығайтуға және студенттердің құзыреттілігін арттыруға бағытталған.

Меморандум аясында Түркия Республикасы университеттерінің жетекші профессорлары Политехникалық колледж студенттеріне түрік және ағылшын тілдерінен онлайн курс өткізетіні туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл студенттерге тіл меңгеруге қосымша бір жыл уақыт жоғалтпай, Түркияның жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.

Колледж тәрбиеленушілері өндірістік жарыста өздерін лайықты деңгейде көрсетті. Жарыста алты түрлі құзырет бойынша колледж студенттері мен Қазақмыс компаниялар тобының Жезқазған, Қарағанды және Балқаш алаңдарындағы кәсіпорындарынан 73 адам қатысып, бақ сынады.

Қатысушылар нақты өмірлік жағдайға негізделген тапсырмаларды орындады. Қазылар алқасы қатысушыларды жұмыстың сапасы, дәлдігі, жылдамдығы, қолданылған инновациялар және қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша бағалады.

Чемпионат қорытындысында алты құзырет бойынша жеңімпаз анықталып, оларға дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

«Слесарлық іс» құзыретінде Балқаш политехникалық колледжінің 4-курс студенті Нұртас Қадырберлин жеңіске жетті. «Дәнекерлеу ісінде» электргазбен дәнекерлеуші Кенжебек Тұрсынбек үздік деп танылды.

«Металлургия» құзыретінде Жезқазған мыс қорыту зауытының су ерітінділерін электролиздеуші Құрбан Байманов бірінші орынды иеленді.

«Стропальдық іс» құзыретінде колледждің 4-курс студенті Бекарыс Бекзатұлы жеңіске жетті.

«Электромонтаж» құзыретінде Жақып Бағдаулет жоғары шеберлік көрсетті. Ол екінші разрядты трансформатор жинаушы болып жұмыс істейді. «Еңбек қауіпсіздігі» бойынша алтыншы құзыретте электромеханик Нұрболат Әлібеков үздік деп танылды.

Чемпионат «Kazakhmys Smelting» ЖШС мыс электролизі цехы, МЖМБ және колледждің кадрларды даярлау және қайта даярлау орталығы базасында өтті.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button