Балқашта спорт саласының саңлағы, білікті жаттықтырушы Ерлан Түсіпбаевты еске алуға арналған ерлер арасындағы қалалық волейбол турнирі өтті. «Металлург» спорт кешенінде ұйымдастырылған жарыс ұстаз рухына тағзым етіп, қала спортшыларының басын қосқан мазмұнды додаға айналды.

Ашылу салтанатында Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ізбасар Шәкенов сөз сөйлеп, саналы ғұмырын спортқа арнаған жаттықтырушының қала спортының дамуына қосқан үлесін атап өтті.Сондай-ақ, марқұмның жақындары мен әріптестері қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
– Ақжарық ауылының тумасы Ерлан Түсіпбаев Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, еңбек жолын Ақтоғай ауданында бастаған. Кейін Балқашта №15 мектеп-лицейде, Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайында қызмет етіп, волейбол үйірмесін ашты. Оның шәкірттері қысқа уақыт ішінде қалалық және облыстық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Біз спорт бөлімінде қатар жұмыс істеп, бірқатар спортшылардың биік белестерді бағындыруына ықпал еттік, – деді Ізбасар Шәкенов.
Еске алу турниріне 9 команда қатысқан. Бір күнге созылған тартысты бәсекеде Ақтоғай командасы І орынды иеленіп, 500 мың теңге жүлдені қанжығасына байлады. ІІ орын – Ақжал (300 мың теңге), ІІІ орын – Балқаш қаласының «Жібек жолы» командасында (200 мың теңге). Ақсораң коман- дасы IV орынмен (100 мың теңге) марапатталды. Үздік ойыншылар да анықталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
Айта кетейік, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне «Балқаш қаласының волейбол ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі мен Балқаш қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі атсалысты. Жарыстың бас төрешісі Руслан Хамитов Ерлан Қанатұлы атындағы еске алу турнирі келер жылы да жалғасын табатындығын атап өтті.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



