Балқаш – облыста тазалық пен абаттандыруды цифрлық есепке алған алғашқы қала
Балқаш қаласында «тазалық көрсеткіштері» деп аталатын ерекше жарықдиодты экрандар іске қосылды. Бұл экрандарда нақты уақыт режимінде қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының сандық көрсеткіштері көрсетіліп, коммуналдық қызметтердің атқарған жұмыстары айқын көрініс табады. Қазіргі таңда қала аумағында осындай 16 экран орнатылған. Қарағанды облысында мұндай бастаманы алғаш болып Балқаш қолға алды.

Экрандарда мынадай мәліметтер жарияланады:
• шығарылған тұрмыстық қоқыс көлемі;
• орнатылған қоқыс контейнерлерінің саны;
• экологиялық акцияларға қатысқан тұрғындар саны;
• заңсыз қоқыс орындарының жойылуы және көлемді қалдықтардың шығарылуы;
• абаттандырылған аулалардың саны;
• көшелердегі инфрақұрылымдық жұмыстардың орындалуы.
Алдағы уақытта экран функциялары кеңейіп, көгалдандыру, жол жөндеу және өзге де абаттандыру бағыттары бойынша деректер енгізілмек.
Балқаш қаласы әкімдігінің хабарлауынша, «тазалық көрсеткіші» күн сайын жаңартылып отырады. Бұл жүйе «Жасыл ел» жастар жасағы мен мердігер ұйымдардың нақты жұмысының көлемін ашық көрсетіп, қала тұрғындарына өзгерістердің динамикасын бақылауға мүмкіндік береді.
– Біз Балқаш тұрғындарының қаладағы өзгерістерді тек сөз жүзінде емес, нақты іспен көргенін қалаймыз. «Тазалық көрсеткіші» — нақты деректерге негізделген ашық формат. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асқан барлық жұмыстар халыққа қолжетімді болуы тиіс, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.
Бұл бастама республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қолға алынып, қала тазалығы мен экология мәселелеріне жүйелі көзқарасты қалыптастыруды, коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттыруды және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруды мақсат етеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА