Бас тақырып

Балқаш маңындағы жеті адамның өмірін қиған апат бойынша үкім шықты

Қарағанды облысында осы жазда «Алматы – Екатеринбург» тас жолында жеті адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты. Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оны бес жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады.

Сурет gorod.lv

Қылмыстық іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Қайғылы жағдай 2025 жылдың 5 шілдесінде Балқаш қаласына жақын, автожолдың 791-шақырымында болған.

Сот мәліметінше, Kia Sedona көлігінің жүргізушісі басқа автомобильді басып озу кезінде жол белгілерін ескермей, жолдың жағдайына назар аудармаған.

Бұрылу кезінде ол көлік құралдарының салмағын өлшейтін жабдық орнату үшін қазылған шұңқырға түсіп кетіп, темір қоршауға соғылған. Соққыдан кейін көлік өртеніп, салонда болған жеті жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен тағы бір жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Сот отырысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденді: оның өз мойындауы, куәгерлердің сөздері, сараптама қорытындылары және өзге де дәлелдер жинағы жеткілікті деп танылды.

Прокурор жүргізушіге бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Жәбірленушілердің бірі қаталырақ жаза қолдануды талап етсе, басқалары прокурордың ұсынысын қолдады.

Сот айыпталушыны ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі («Жол жүру ережесін бұзу, абайсызда бірнеше адамның өліміне әкеп соқтыру») бойынша кінәлі деп таныды. Үкім тағайындау кезінде оның кәмелетке толмаған баласының бары және істеген ісіне өкініш білдіруі ескерілді.

Нәтижесінде ер адам бес жылға сотталып, ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде жазасын өтейтін болды. Сондай-ақ ол жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button