Жаңалықтар

Балқаш, Ұлытау, Қарқаралы миллиондаған туристі тарта алады

Туризм – экономикалық кірісі ең жоғары саланың бірі. Ол елдің экономикалық қуатын арттырып, халықтың тұрмысын оңтайландыруға, жұмыссыздық деңгейінің төмендеп, шағын бизнес субъектілерінің көбеюіне зор ықпалын тигізеді. Қарағанды облысында туризм саласын дамытуға қолайлы аймақтар көп. Солардың қатарында – Ұлытау тарихи-мәдени орталығы, Қарқаралы және Балқаш курорттық аймағы бар.

Республикалық туристік картаның 10 үздік тізіміне енген үштік облыстағы туристік индустрияны дамытуға ыңғайлы.

Үш жүздің басын қосқан Ұлытау – ел тарихын танытып, болашақтың көкжиегін кеңейтуге қолайлы орын. Киелі орындар мен бірегей сәулет ескерткіштерінің орналасуы этнографиялық және экологиялық туризмнің дамуына үлкен мүмкіндік ашып отыр. Ұлытау ауданында заманауи инфрақұрылымды дамыту мақсатында республикалық бюджет қаражаты есебінен визит-орталықтың құрылысы аяқталды. Аймақтың бай тарихын насихаттап, жария ететін визит орталықта туристер көрікті жерлер туралы да мәлімет ала алады. Сонымен қатар, 5 туристік бағыт бойынша экскурсиялар ұйымдастырады.

Сондай-ақ, биылғы жылы Ұлытауда «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. Онда туристерге ыңғайлы жағдай туғызу үшін 20 орындық бөлмелер қарастырылған. Жошы хан кесенесіне апаратын автожол құрылысының жобалау сметалық құжаттарын әзірлеу аяқталды. Келесі жылы 6,7 млрд. теңге сомасына автожолдың құрылысы басталады. Бүгінгі таңда Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелері, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындар туристердің қызығушылығын тудыруда. Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай ретінде туристерге танымал Ұлытау алдағы уақыттарда этнографиялық туризмнің орталығы болмақ. Жыл сайын өтетін «Жезкиік» музыкалық фестивалі де ішкі туризмнің дамуына тың серпін беріп келеді.

Қарқаралы – қысқы және жазғы туризмнің тұғыры. Ешбір қалаға ұқсамайтын табиғи және мәдени өзіндік ерекшелігі, кескін-келбеті бар өлке. Таудың ұшар басында орналасқан Шайтанкөл, Бассейн, Үш үңгір, Суық бұлақ, Жиренсақал секілді көлдер мен таулар тарихтың тереңінен сыр шертеді. Таулы, қарағай-қайыңды орманы қыста шаңғы-шана бизнесін дамытуға әрі қызмет түрлерін көрсетуге қолайлы. Әсіресе, жаз мезгілінде туристердің демалыс орнына айналатын өңірге келушілер саны 35 мыңнан асып жығылады. Ұлттық парк аумағында 11 туристік маршрут бар. Туристерден республикалық және ішкі бюджетке 40 млн. аса қаражат түседі. Жаз мезгілінде жұмыс жасайтын – 16, қыста 11 демалыс орыны бар. Бір адамға қызмет ақысы 3500- 14000 теңге аралығында. Биылғы жылы 5 демалыс орыны ашылмақ. «Шахтер», «Берлога», «Жолжақсы» демалыс орындарына сұраныс жоғары. Қазіргі эпидахуалға байланысты ашық алаңдарда құрылған жекеменшік нысандағы киіз үйлер де туристердің қызығушылығын тудыруда. Ашық аспан астындағы мұражай орны болып есептелетін ауданда туризмді дамытуда жұмыстар жасалуда.

Балқаш курорттық аймағын дамыту жоспарына сәйкес, бюджеттік және жеке құйылатын инвестиция сомасы – 30 млрд. теңге. Жағажай туризмі басты орында. Балқаш көлі жағасындағы 40-тан астам демалыс орындары мен пансионаттарға жыл сайын 30 мыңнан астам турист келеді. 2023 жылға дейін жасалған стратегиялық құжат негізінде жағалау туризмін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Балқаштың туристік әлеуетін арттыру мақсатында іске асырылатын кешенді шаралар қатарында бос жер учаскелерін пайдаға жарату, Балқаш қаласы әуежайын қайта жаңғырту, Бертіс шығанағының туристік объектілеріне, Шұбартүбек және Тораңғылық кенттерінде инженерлік инфрақұрылым жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары тұр. Сонымен қатар, ұзындығы 360 шақырымды құрайтын төрт жолақты Қарағанды-Балқаш күрежолы толық іске қосылады. Жеке инвестициялар есебінен 9 жаңа демалыс аумағының құрылысы басталады.

Аталған аймақтарда туризм дамытуда басты басымдықтар инфрақұрылымды дамытуға бағытталса, туристер саны артады. Турист – жергілікті жерге келетін қаражат көзі.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button