АймақБалқашБас тақырыпБасты тақырып

Балқаш колледжінде «Қонақ үй әкімшісі» мамандығы ашылады

2026 жылдың қыркүйегінен бастап Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш технология және сервис колледжінде «Қонақ үй ісі және қонақ үй әкімшісі» мамандығы бойынша студенттер қабылданады деп хабарлайды Ortalyq.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап. 

Сурет облыс әкімдігінен

Осы мақсатта оқу орнында заманауи жабдықталған оқу-зертханалық кешен ашылады. Онда қонақ үй нөмірлері, мейрамхана және кәсіби ас үй қарастырылған. Қазір колледжде «Туризм» және «Қоғамдық тамақты ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадрлар даярланып келеді.

– Жаңа оқу зертханасында үш мамандықтың студенттері бірлесе тәжірибе жинақтай алады. Бірінші қабатта толық жабдықталған ас үй мен оқу мейрамханасы, екінші қабатта екі және үш орындық бөлмелер мен VIP нөмір орналасады, – деді колледж директоры Жәмиля Тезекбаева.

Қазіргі уақытта ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде: инженерлік желілер жаңартылып, ішкі әрлеу жасалып жатыр.

Жаңа кешен келесі оқу жылында іске қосылады. Осылайша студенттер теорияны тәжірибемен ұштастырып, болашақ мамандығын нақты жағдайларда меңгеретін болады.

Жаңа мамандықтың ашылуы Балқаш өңірінде туристік қызметке сұраныстың артуымен байланысты. Биыл көл жағалауында шамамен 300 мың турист демалған.

Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button