АймақБалқашБас тақырыпЖаңалықтар

Балқаш көлінің түбін тазарту: 700 мың текше метр тұнба шығарылады

Балқаш қаласында Бертыс шығанағы мен қалалық жағажай маңын су түбіндегі тұнбалардан тазарту жұмыстары басталды. Үш жылға жоспарланған ауқымды жоба аясында көл жағалауын тазарту және акваторияның тереңдігін үш метрге дейін арттыру көзделген. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Тұнба арнайы балшық сорғыш кеме арқылы сорылып, жағада орналастыру үшін төрт пульпажинақтағыш салынады. Жалпы шығатын пульпа көлемі 700 мың текше метрден асады. Жоба ені 200 метр болатын, айлақтан Қарамұрын төбесіне (Ескі алаң) дейінгі аумақты қамтиды.

Сонымен қатар судың еркін айналымын бұзып, батпақтануға себеп болып отырған төрт пирсті бұзу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар басталып, нысанда кері күректі экскаваторлар мен самосвалдар жұмыс істеп жатыр.

Мамандардың айтуынша, жобаның жүзеге асуы көлдің экологиялық жағдайын жақсартып, Балқаштың табиғи байлығын сақтауға елеулі үлес қосады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button