Балқаш көлінің су деңгейі көтерілді
Балқаш көлінің су деңгейі тағы 8 см-ге көтерілді. Айта кетейік, трансшекаралық Іле өзенінен көлге су жіберу іс-шаралары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Ortalyq.kz Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған дейін су деңгейі 15 см-ге артып, 1 сәуірде 174 см-ге жеткен еді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 182 см-ге көтерілді.
Осылайша, жыл басынан бері Балқаштағы су деңгейі 23 см-ге көтерілді.
– «Балқаш көліндегі су деңгейін анықтау үшін 4 гидробекетте: Сарышаған, Қарақұм, Балқаш және Мыңарал бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар, БҚО-ның Қамыс-Самар көлдеріне 80 млн текше метр су барды, Каспий теңізіне тағы 200 млн текше метр су жіберілді, Ұлытау облысынан Қызылорда облысының ауылшаруашылық алқаптарына су жіберу жалғасып жатыр, – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.