Балқаш көліне қауіп төніп тұр
Балқаштың жайы Қарағанды облысының тұрғындарын алаңдататыны рас. Жақында Мәжіліс депутаттары Алматы маңындағы Сорбұлақ су қоймасындағы жағдай Балқаш көліне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Су құрамынан 31 қауіпті химиялық зат анықталып, олардың ішінде кадмий мөлшері рұқсат етілген нормадан төрт есе жоғары екені белгілі болды. Мұндай жағдайда Балқаш экожүйесіне елеулі зиян келуі ықтимал.

Қазір қоймада 750 миллион текше метр лас су жиналған. Бұл – жобалық сыйымдылықтың 75 пайызы. Мамандардың айтуынша, түбі тұрақсызданған Сорбұлақ жауын-шашын, тасқын немесе жер сілкінісі кезінде жарылса, улы су Іле арқылы Балқашқа жетуі әбден мүмкін.
Депутаттар мәселені шұғыл түрде шешу қажет екенін айтып, мемлекеттік комиссия құруды, заманауи тазарту құрылыстарын салуды және бұрын бөлінген қаражатқа аудит жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ тазартылған суды егін суаруға пайдалану мүмкіндігі қарастырылмақ.
Сарапшылар Балқаш өңірінің экологиялық тепе-теңдігіне үлкен қауіп төнуі мүмкін екенін ескертеді.
Жамал АКПАРОВА