«Балқаш көлі ешқашан тартылмайды»
Бүгінгі күннің басты тақырыбы – АЭС құрылысы. Ойға барсаң да, тойға барсаң да ел аузында – АЭС. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз да, теледидарды қосып қалсаңыз да – осы мәселені талқылап жатырмыз. Қалай болғанда да, қарапайым халықтың белсенділігі көңіл қуантады.
Әрине, халықтың алаңдауы – заңдылық. Өйткені, біз АЭС тақырыбы арқылы болашақты талқылап жатырмыз. Өйткені, біз – жарты ғасыр бойы Семей ядролық полигонының зардабын шеккен елміз. «Атом» десе, ат тонын ала қашатын жағдайға түскенбіз. 1986 жылғы Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардабын жоюға сарбаз жіберген елміз. Әлемдегі ең ұқыпты мемлекет Жапониядағы Фукусима апатынан жүрегіміз шайлығып қалған. «Бізде де осындай жағдай орын алмасына кім кепіл?», – дейді ел пікірі. «Балқаш айдыны Аралдың кебін кисе ше?», – дейді экологтар. «АЭС-ке бөлінген қаржы жемқорлардың жемсауына кетеді», – деп, байбалам салушылар да бар.
Халықтың көкейіндегі осы сауалдарға жауап іздеп, Қарағанды зерттеу университеті Ж.Ақылбаев атындағы инженерлік жылу физикасы кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Бекболат Нүсіпбековке жолыққан едік. Көңілдегі күдікті сейілтер жауап алдық.
– Бекболат Рақышұлы, аймағымызда дәстүрлі емес энергия көздерін зерттеумен айналысып жүрген санаулы ғалымдардың бірісіз. Біздің оқырмандарымызға АЭС-тің тиімділігі жөніндегі Сіздің пікіріңіз бағалы болса керек…
– Рас, мен – осы атом және ядро физикасы, сонымен қатар, дәстүрлі емес энергия көздері саласын ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан маманмын. Тіпті, біз – отбасымызбен энергетика саласының мамандарымыз. Үлкен ұлым Аян жоғары оқу орнын «ядролық физика» мамандығы бойынша бітіріп, магистрлік диссертациясын Назарбаев университетінде, докторлық диссертациясын Сингапур мемлекетінде қорғады. Кіші ұлым да – жылу энергетикасы саласының маманы. Яғни, біз отбасымызбен бұл мәселенің қыр-сырын жетік білеміз және нақты әрі дәлелді пікірлер айта аламыз.
«Қазақстанда АЭС салына ма? Ол бізге қажет пе?» деген мәселе жылдар бойы талқыланып, күн тәртібінен түспей келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында бұл мәселеге нақты тоқталып, тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде энергия тапшылығы сезіле бастағанына алаңдаушылық білдірген. Одан кейін республикалық «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында да бұл мәселе еліміз үшін аса маңызды экономикалық һәм саяси мәселе екеніне тоқталып, нақты шешім қабылдайтын мезгіл жеткенін қадап айтты. Сондай-ақ, бұл тарихи шешімді жалпыхалықтық референдумға шығарып, түпкі шешімді халықтың өзіне қалдырды. Бұл – билік үшін де, халық үшін де тарихи мүмкіндік.
Иә, еліміздегі АЭС құрылысына қатысты сан алуан пікірлер айтылып жатқанын құлақ естіп, көз көріп отыр. Халықты алаңдатып отырған жағдайлардың бәрін түсінемін. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі негатив пікірлер халақтың санасына жылдам әсер ететіні белгілі. Оның үстіне, ондай пікірлер әртүрлі мессенджерлер арқылы тез тарап, миллиондаған қаралым жинап жатқаны да жасырын емес.
Осы тұрғыдан алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенділігі – аса маңызды. Басылым беттерінен, эфирлерден атом саласы мамандарына көбірек орын беріп, қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын ширатуға тиіспіз. Солай жасап та жатырмыз. Дегенмен, ядролық қару мен атом энергетикасының ара-жігін ажыратып, АЭС-тің жаһандық тұрғыда тиімділігі мен әлемдік тәжірибелер туралы түсінікті тілдегі ақпараттар тапшы. Осы жағына мән беру керек.
Ал, өз басым маман ретінде бұл жобаны қолдаймын. Мен – атом энергетикасы тақырыбына ғылымға қадам басқан сәтімнен ден қойған адаммын. Кеңес дәуірі кезінде Ақтаудағы мини атом электр комбинаты жұмыс істегенін жақсы білесіздер. Ол өз миссиясын толық атқарды. Мен 1997-1998 жылдары, сол станцияны жабатын кезде құрылым аумағында жұмыс атқарған ғылыми-тәжірибелік топтың құрамында болдым. Аса қауіпті ештеңе аңғармадым. Энергия блоктарында да, реакторлар орналасқан жерде де, генераторлар маңында да болдық. Ешқандай сәуле қабылдап, денсаулығымызға зиян келген жоқ. Ақтау АЭК-ы – Кеңес кезінде салынған, қауіпсіздігі олқы станция. Ал, біз жобалап отырған АЭС құрылысында барлық қауіпсіздік талаптары ескерілетініне ешқандай күмән келтірмеймін. Қазақстанда АЭС салуға үміткер болып отырған төрт мемлекет те – озық технологияны жетік меңгерген, атом саласында тәжірибесі бар, өздері де АЭС тиімділігіне көз жеткізіп, игілігін көрген елдер.
Сондықтан да, қауіптенетін ештеңе жоқ.
– Бізде АЭС құрылысына болашақтың игілігі емес, саяси мәселе деп қарайтындар қарасы көп. Басқа да баламалы энергия көздерін дамыту бағыттарын ұсынып отырған ұйымдар да, жеке тұлғалар да бар…
– Шынымен де, біз – «Жасыл энерегия» бағытында бағалы бастамалар мен ұтымды ұсыныстар авторы болып, ЭКСПО өткізген елміз. Бірақ, күн тәртібіне АЭС мәселе көтерілгенде, бұл идеямыздан бас тарттық деп те айта алмаймыз. Біз оны дамыта береміз, жаңартылған энергия игілігін халыққа ұсына береміз. Алайда, табиғатқа тәуелді саналатын жел, күн энергиялары тұрақты қуат көзі бола алмайтындықтан, бүгінгі, ертеңгі энергия тапшылығын толық жаба алатын жоба АЭС болып тұр.
Маман ретінде айтайын, бізде атомнан басқа да энергия көздерін игеруге мүмкіндік бар. Бұл бағыттағы ізденістер тоқтаған жоқ. Мәселен, жаңағы айтқан жел, күн энергиясынан бөлек, жерасты жылуын пайдаланатын геотермальды энергия көзі бар. Қарағанды зерттеу университетінде дәстүрлі емес жылу көздерін зертеуге бағытталған «Жылу беру пәрменділігін арттыру» атты ғылыми жоба жұмыс істеп келеді. Ізденіс нәтижелері де жаман емес. Сонда да, АЭС-тің тиімділігі – әлемдік деңгейде мойындалған игілік.
Содан кейін, күн энергиясын өндіретін панельдерге құрамында темір элементтері өте аз, тазалығы 99% болатын кремний қажет. Оның өндірісі Қазақстанда бар. Бірақ, мұндай сирек элементтер өндірісі таза уран өндірісімен бәсекелесе алмауы мүмкін. Соған қарамастан, біз баламалы энергия көзін игеруді жалғастыра беруіміз керек.
– Ел көкейіндегі ең басты күмәннің бірі – маман тапшылығы. АЭС салынған күннің өзінде алып станцияны білікті мамандармен жасақтай аламыз ба?
– Әрине, жасақтай аламыз. Бізде қазірдің өзінде атом физикасының қалыптасқан мектебі бар. Еліміздегі жетекші оқу орындарында мамандар даярланып жатыр. Олардың дені шетелдің таңдаулы оқу орындарынан тағылымдамадан өтіп келуде. Кезінде Ақтау станциясында да мамандар болды ғой. Сол кездің өзінде Ақтау АЭК-ында өзіміздің жергілікті мамандар жұмыс істеді. Қазір ресейлік «РосАтом» компаниясы Түркияда АЭС салып жатыр. Сол жерде 2000 қазақ жұмыс істейді екен. Тіпті, олардың барлығы қатардағы құрылысшылар емес, 80%-ы – инженерлер. АЭС құрылысы аяқталғанша, тағы мыңдаған маман даярлауға уақытымыз да, мүмкіндігіміз де бар. Сондықтан, ешқандай маман тапшылығы болмайды.
– Елдің ерекше көңіл аударып отырған өзекті мәселесінің бірі – экологиялық ахуал. Қоғам белсенділері «АЭС суды көп қажет етеді. Ертең Балқаш көлі тартылып қалмай ма?» деген сауалды көлденең тартып отыр. Сіз не дейсіз?
– Балқаш көлі ешқашан тартылмайды. Иә, АЭС-ке су көп мөлшерде керек. Алайда, жаңа технология судың булану процесінде пайда болған ылғалды қайта пайдалану мүмкіндігіне ие. Сөз басында айтқанымдай, ғылым мен техниканың осынша мүмкіндігін қарапайым халыққа ғылыми тілде емес, ұғынықты тілде түсіндіре беруіміз керек. «Шегірткеден қорқып, егін екпейтін» заманнан өтіп кеткенбіз.
Сонымен қатар, АЭС-тің айналасындағы радиация мәселесі туралы да терең түсіндіру жұмыстары қажет бізге. Мәселен, сонау ХІХ ғасырда пайда болған рентген сәулесінің радиациялық зияны туралы ол қолданысқа енгізілгелі айтып келеміз. Неміс физигі В.Рентген ойлап тапқан электромагнитті толқынның адам ағзасына қаншалықты зиян екенін білсек те, оны қолданудан бас тартқан жоқпыз. Технология дамыған сайын рентгеннің қолдану аясы кеңейіп келеді. Қазір рентген сәулесі тамақ өнеркәсібінде, ғарыштық зерттеулерде, криминалистикада және археология саласында зерттеу мүмкіндіктеріне кең жол ашып отыр. Қолыңыздағы ұялы телефон да солай. Мамандар ұйықтағанда бас жағыңызда ұялы телефон болмасын, жүрегіңіздің тұсынан алшақ ұстаңыз, балаларға ұялы телефон бермеңіз деп ескеркенімен, адам баласы осы шектеулерден бас тартты ма? Жоқ. Қазір ұялы телефонды жастанып жатпасақ, көңіліміз көншімейді. Сондай-ақ, Франциядағы АЭС-тің ауласында жүзім ағашы өсіп тұр деген әңгіме ертегі емес.
Қазір керісінше, көмір тұтынатын жылу орталықтарының зияны артып отыр. Оның күлділігі басым, турбинадағы 560 градуста қайнаған судың буының өзі зиян. Мұржаларына қанша жерден сүзгі қойсаңызда да, көмір түтінінен бөлінетін зиянды газдан арылу мүмкін емес.
АЭС құрылысына қарсы тарап қуат өндіру нәтижесінде пайда болатын ядролық қалдықтар жөнінде де уәж айтып жүр. Біріншіден, АЭС арқылы қуат өндіру барысында қалдықтар өте аз мөлшерде болады. Екіншіден, оларды залалсыздандыру үшін көметін жер іздеудің қажеті де жоқ. Заманауи технология бойынша ядролық қалдықтар арнайы қоймаларда сақталады да, белгілі бір мерзім өткеннен кейін оларды отын ретінде қайта пайдалануға болады.
– Сонымен, АЭС-тің ең басты тиімділігі неде?
– Ең басты тиімділігі – энергия тапшылығының жолын кеседі. Энергия тапшылығы – жаһандық проблема. Сондықтан, оған асқан жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Екінші тиімділігі – арзан энергия көзі. Мәселен, 1 кг уран 2400 тонна (40-45 вагон) көмір жағу арқылы алатын энергияны өндіруге қауқарлы. Менің бұл тұжырымдарым болашақта Қазақстан экономикасы көмір өндірісінен, жаңартылған энергия көздерін игеруден бас тартады деген сөз емес. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды және көмір мен жаңартылған қуат көздерінің игілігін біз ғана емес, болашақ ұрпақ та көретін болады.
– Бәрекелді! Халықты барынша қатты алаңдатып отырған мәселе – «АЭС құрылысын қай мемлекет жүргізеді?» деген сұрақ. Сіз қай мемлекеттің салғанын қалайсыз?
– Қазір Қазақстанда АЭС салуға төрт мемлекет үміткер болып отыр. Бұл жерде негізгі үш маңызды талапқа мән берілуі керек. Бірінші – қауіпсіздік мәселесі. Екінші – өндіріс қуаты. Үшінші – экономикалық тиімділігі. Ал, ең бастысы – сапа. Осы талаптарға жауап бере алатын жоба ұсынған мемлекет салады. Оны саралайтын арнайы комиссия бар. Біз атап өткен барлық талаптарды қадағалайтын МАГАТЭ секілді Халықаралық ұйымдар бар. Жалпы атомның аты аталған жерде халықаралық қадағалау жүреді. Ол үшін сонша алаңдап, осынша бас қатырудың қажеті шамалы.
– Қазақстан Президентінің Жарлығымен АЭС құрылысы бойынша жалпыхалықтық референдум 6 қазанға белгіленді. Тарихи бастама қарсылыққа тап болмай ма?
– Жоқ, халық саналы түрде АЭС құрылысын қолдайды. Қазірдің өзінде саясаткерлер референдумға қатысатын халықтың 55%-дан астамы АЭС құрылысын қолдайды деген болжам жасап отыр. Мен одан да көп қолдау болады деп ойлаймын.
Референдум өткізу арқылы халық қалауымен санасу – демократиялық принцип, Президент парасатының өлшемі. Бүгінгі таңда халықтың пікірімен санаспай-ақ, біржақты шешім қабылдау арқылы құрылыс жүргізіп жатқан елдер бар. Демократия талаптарын бұлжытпай орындайтын елдер болмаса, кейбір мемлекеттер АЭС құрылысын референдумсыз-ақ жүргізіп жатыр. Оларға қарағанда, бізге үлкен мүмкіндік беріліп отыр ғой. Сондықтан, қалыс қалмай, рефрендумға қатысып, өз таңдауымызды жасау – азаматтық парызымыз!
– Маңызды ақпараттарды қамтыған сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»