Жаңалықтар

Балқаш ажарлана түседі

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Балқаш қаласында қоғамдық кеңес мүшелері және қалалық мәслихат депутаттарымен бейресми кездесу өткізді. Өңір басшысы қалада болып жатқан өзгерістер туралы және Ел Президентінің тапсырмалары аясында жоспарланып отырған жұмыстар жайлы айтты.

Қазір Балқашта инженерлік желілер, қасбеттер мен жолдар жөнделуде, аулалар абаттандырылып, тұрғын үй салынуда.

– Өздеріңіз білетіндей, қалада су құбыры желілері ескі, олардың 85 пайызының тозығы жеткен. Сондықтан, екінші және үшінші кезектегі су құбырын қайта құру басталды. Үш жыл ішінде 120 шақырым су құбыры желілері қайта жаңартылуда. Биыл 23 шақырымды ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді кездесу барысында облыс әкімі.

Жөндеу жұмыстары Тоқырау – Саяқ су құбырында да жүргізіліп жатыр. Биыл 4 шақырым құбыр ауыстырылады, бұл тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді. Болашақта жыл сайын 15 шақырым құбырды жөндеу жоспарлануда.
Жеңіс Қасымбек Қоңырат шағын ауданындағы өзгерістер туралы да жұртшылыққа айтып берді. Онда тұрғындардың өтініші бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, жылу желілерін жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. Жұмыстың 40 пайызы орындалыпты. Орталық жылытуға 66 көпқабатты үй, 4 әлеуметтік нысан және 44 жеке тұрғын үй қосылды. Жоба толық аяқталғаннан кейін орталық жылыту желісіне қосымша 170 жеке үй қосылатын болады және жаңа көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алады.

Жеңіс Қасымбек жергілікті билікке тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының барлық жобаларын мерзімінде тапсырылуын қатаң қадағалауды тапсырды. Ал тұрғын үйді бөлу кезінде кезекте тұрған жетім балаларға назар аудару қажет. Сонымен қатар, өңір басшысы көгалдандыру жобасын әзірлеуді тапсырды.

– Тұрғындардың айтуынша, жасыл желектер аз, қалалық жағалауды абаттандыру туралы көптеген шағымдар бар. Бұған ерекше назар аудару керек. Балқаштықтардың серуендеуге, демалуға арналған орны болуы тиіс. Қалада туристік кластерді дамыту үшін заманауи қонақ үйлер салу қажет. Біз сіздермен мерзім сайын осындай кездесулер өткіземіз, сіздер маған қалада не істелгенін және не нәрсеге назар аударуымыз керек екенін айтасыздар, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Кездесуде сонымен бірге Балқаш инфрақұрылымын дамыту, туристік әлеует және қаланы дамыту жоспарлары көтерілді.

– Біздің барлық тақырыптарымыз толығымен талқыланды. Мысалы, бізді «Балқаш – Алматы» теміржол қатынасы мәселесі толғандырады. Бұл бізге өте қажет. Менің әріптестерім 17-ші орамда мектеп салуды сұрады. Аудан кеңейіп келеді, жаңа оқу орны қажет. Бізді естіді, барлық мәселелер шешіледі деп үміттенеміз. Ал, біз қоғамдық кеңестің мүшелері ретінде әкімдікке барынша көмек көрсетеміз, – дейді Балқаш қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлнар Шайкенова.

Сондай-ақ, облыс басшысы магистральдық су желілеріндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын, Балқаштағы балалар технопаркін және тұрғын үй құрылысын аралап көрді.

Жеңіс Қасымбек 10-шы және 12-ші шағын аудандардағы құрылыс алаңдарына барды. 10-шы шағын ауданда 45 пәтерден тұратын екі үй салынуда. Тапсыру мерзімі келесі жылға жоспарланған. 12-ші шағын ауданда 10 және 12 пәтерлі екі қабатты екі таунхаус бой көтереді. Барлық орталық коммуникациялар тартылды. Осы жылдың соңында тапсыру жоспарлануда.

Облыс әкімі Жидебай батыр ескерткішінің ашылуына да арнайы қатысты. Батырдың тасмүсіні «Астана» аллеясында бой көтерді.
Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек атқарылған игі істің маңызы жайлы айтты.

– Бүгін Балқаш қаласының төрінде қазақтың мақтанышына айналған айбынды батырларымыздың бірі Жидебай Қожаназарұлының ескерткішінің ашылуы батыр ұрпақтарының тарихи тұлғаға жасаған құрметі болып табылады. Тарихтан белгілі, Жидебай батыр Абылайханның адал серігі болған. Ол – мыңдаған жауынгерлерді ығыстырып, жоңғарлармен шайқаста үлкен ерлік көрсеткен атақты батыр.

Аңырақай, Қаншеңгел, Ақсүйек, Баян, Нұра, Тарбағатай, Батыс Алтай, Шоңжы, Құлжа, Алатауды азат ету кезінде Қарқаралы, Балқаш аумақтарында асқан ерлік пен тапқырлық танытқан батыр. Сонымен қатар, халық арасында шешендігімен танымал болған. Жидебай батырдың еңселі ескерткіші құтты болсын, – деді облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ

Басқа материалдар

Back to top button