АймақБалқашБас тақырып

Балқаш аумағындағы жол бойында жаңа GasEnergy АЗС ашылды

Алматы – Екатеринбург халықаралық автожолында жол бойындағы сервисті дамыту аясында Балқаш аумағында заманауи «GasEnergy» автожанармай құю станциясы салтанатты түрде ашылды. Маңызды нысанның лентасын қию құрметі Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов пен «Petro Retail» ЖШС-нің Ұлытау және Қарағанды облыстары бойынша филиал директоры Асхат Жиенбаевқа берілді.

Суреттер автордан

Жаңа кешен – өңірдегі ірі инвестициялық жобаның алғашқы қарлығашы. Аталған аумақтағы ең ірі жанармай құю бекеттерінің бірі саналатын нысан заманауи талаптарға толық сай келеді. Келушілерге кең әрі жарық сауда залы, дәмханада кофе мен шай ішуге мүмкіндік, балаларға арналған ойын алаңы, барлық жағдайы жасалған санитарлық тораптар және намазхана қарастырылған. Автожанармай құю станциясы сегіз ай ішінде «Petro Retail» ЖШС-нің 1,5 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестициясы есебінен бой көтерді. Жоба жол бойы сервистің сапасын арттырып қана қоймай, өңір экономикасына да серпін беріп отыр.

Аталған нысанның іске қосылуымен Балқаш қаласының тұрғындары үшін 36 жаңа жұмыс орны ашылды. Серіктестік басшылығының мәліметінше, туристік маусым басталып, кулинарлық цех іске қосылғаннан кейін қызметкерлер саны 51 адамға дейін көбейеді. Жол бойындағы инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған мұндай бастамалар халықаралық трасса арқылы қатынайтын жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек.

Айта кетейік, жаңа нысан өңір тұрғындары мен транзиттік бағытта қатынайтын көлік жүргізушілеріне сапалы қызмет көрсетуді мақсат етеді. Станцияда АИ-92, АИ-95 маркалы бензин, дизель отыны және автогаз ұсынылады. Сонымен қатар, заманауи талаптарға сай электр көліктерін қуаттауға арналған инфрақұрылым да қарастырылған. Бүгінде GasEnergy желісі Қазақстанның 8 өңірінде жұмыс істейді. Компанияның 40-тан астам жанармай құю станциясы бар. Мамандардың мәлімдеуінше, Балқаш маңында жаңа АЗС-тің ашылуы жол бойындағы инфрақұрылымды жақсартып, өңір экономикасының дамуына оң ықпал етпек.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button