Көл «қашты» – көңіл ортайды. Шығыстан батысқа 600 шақырымға созылған, алабы 500 мың шаршы шақырымға тақау Балқаш көлі күннен-күнге тартылып барады. Кемерін кеміріп жататын Көкше теңіз жағалаудан алыстап кетті. Арнайы аппараттың қажеті жоқ, жағалауға барсаңыз-ақ байқайсыз. Табиғат жанашырлары бұл мәселені жаһанға жария етіп, көмек сұрап жүр. Дегенмен, табиғат қорғау ісіне жауапты органдардың бейжай қарап отырғаны көпшіліктің көңілін алаң қылды.
Көлемі жағынан әлемде 14-ші орында тұрған Балқаш көлінің қазіргі жағдайы ауыр. Балқаш – шөлейт өңірде орналасқан тұйық айдын. Оның батыс бөлігіне – Іле, шығыс бөлігіне Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аякөз өзендері құяды. Судың 80 пайызы Іледен келеді. Өзен бастауын Қытайдан алады. Бүгінде ашық дерек көздері Қытай өзен суын барынша пайдаланып жатқанын айтады. Ілені бойлай 40-тан астам су қоймасын салып, суарылатын егістік алқаптарын 500 мың гектарға ұлғайтқаны туралы мәлімет бар. Салдарынан көлге құйылатын судың көлемі азайған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, биылғы қуаңшылық тағы бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мемлекеттік бақылау бөлімінің бас маманы – мемлекеттік инспектор Сәбира Қоянбаеваның айтуынша, осыдан үш жыл бұрынғы судың деңгейі Балтық жүйесі бойынша 342 метр 79 сантиметр болған.
– Біз «Қазгидрометтің» күнделікті мәліметіне сүйенеміз. Былтыр Балтық жүйесі бойынша су деңгейі 342 метр 79 сантиметр еді. Дәл бүгінде критикалық деңгей – Балтық жүйесінде 341 метрге төмендеген. Көлдің экологиялық тұрақтылығы, көбінесе, Қытай аумағынан келетін суға байланысты. 5 қазандағы зерттеу мәліметінше, Іле өзеніндегі су шығыны секундына 336 текше метрді құрады. Қапшағай су электр станциясының жоғарғы №164 өлшеу станциясында су шығыны – 252 текше метр/секунд. Судың жоғалуы 76 текше метр/секунд. Су тапшылығынан көлдің экологиялық ахуалы ауырлай түсті, – дейді Сәбира Қоянбаева.
– Естеріңізде болар, көктемде көлге қатысты мәселені көтергенде Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов Іле деңгейі төмендемейді деген. Қазір шамамен 13,8 текше шақырым су келіп жатыр. Балқаш көлі осы қалыптағы жағдайды сақтап тұрса, проблема болады деуге негіз жоқ», – деді вице-министр.
Және Іле өзенін пайдалану туралы Қытаймен келіссөз жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Бірақ, бүгінде вице-министр айтқандай, кемерін керген көл жоқ. 1853 жылы ғалым А.Нифантьев бастаған экспедиция Балқаш көлінің жалпы ұзындығы – 600 шақырым, ені тар қылтада – 8 шақырым, кең ауқымда – 80 шақырым, тереңдігі – 10-15 сажын екендігін мәлімдеген. Бұдан кейін көлге кеме түсіруге шешім қабылданған. Ал, жағдай осы бетімен жалғасса, кеме біткен қайырлап қалары анық. Су тартылуымен балық түрлеріне қауіп төніп отыр. Балқаш қаласы тұсында көл жағалаудан 25 қадамға шегініп кетті. Ертеде «Қашқантеңіз» деген жерді естігенде «теңіз қалай қашады?» – деуші едік. Расымен, теңіз «қашады» екен. Балқаш көлі «қашып» барады…
Нұрдос КӘРІМ.
БАЛҚАШ қаласы.