Балқаш қаласындағы жаппай уланудың себебі анықталуда
Балқаш қаласы мен Қарағандының санитарлық эпидемиологтары көл жағасындағы демалыс орындарының бірінде болған жаппай уланудың мән-жайын анықтауға кірісті. Қазіргі уақытта ауруханада 18 адам ем қабылдап жатыр.

Бұған дейін Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы 14 адам зардап шеккенін хабарлаған болатын. Алайда уланғандардың саны өсіп, 29 адамға жеткен.
– Балқаш қаласындағы «Досжан» отбасылық пансионатының демалушыларының арасында жедел ішек инфекциясының тіркелуіне байланысты 16 тамыздағы жағдай бойынша жедел ішек инфекциясына күдікті 29 адам медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде 18-і стационарда емделіп жатыр,- деді Қарағанды облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары.
Сондай-ақ департамент Балқаш қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандары эпидемияға қарсы іс-шараларды бастағанын, індет ошағына кіруді ұйымдастырғанын, науқастарға сауалнама жүргізгенін хабарлады. Қарағанды облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерінен арнайы жұмыс тобы құрылып, зертханалық зерттеулер жасалған. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін Балқаш қалалық полиция бөліміне жолданды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.