АймақБалқаш

Балқаш қаласында «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының үздіктері анықталды

20 қарашада Балқаш қаласы Оқушылар сарайында жыр жатқа айтуға арналған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Қала мектептерінен жүздеген оқушы қатысып, жырау Тастыбай Жағыпарұлының нұсқасы бойынша «Бөгенбай батыр» жырын жатқа орындады. Жоба Қарағанды облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Байқаудың ашылуында қала әкімінің орынбасары Данияр Серіков сөз сөйлеп, шараның ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы маңызын атап өтті.

– Бұл байқау – ұлт мерейін асыратын, жас ұрпақтың жүрегіне ұлттық құндылықтарды ұялататын тағылымы терең мәдени-рухани шара. Бүгін біз батырлықты жырлаған бабалар аманатын жалғап, жырау Тастыбай Жағыпарұлы жеткізген асыл мұраны жас буынның орындауында тыңдамақпыз. Жырды жаттап, бабалар сөзін жүрегіне тоқып жүрген жүздеген баланың бойындағы талантын ашып, ішкі әлеуетін өсіруге үлес қосып жүрген барлық ұстазға алғысымды білдіремін. Бүгінгі дода – балаларымыздың сөз өнеріне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, елдік пен ерлік қасиеттерін бойына сіңіруге жол ашатын үлкен мүмкіндік. Осы жолда баршаңызға шабыт, сәттілік тілеймін, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сайысты Қарағанды облыстық жоба жетекшісі Дәурен Сейітжанұлы, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Балшырын Мұхаметжанова, Қуаныш Аманқұлов және Фариза Ботабаева қазылық етті. Қатысушылар жырды толық жатқа айтуы, кідірмей оқу және мәнерлеп жеткізуі бойынша бағаланды.

Қазылар шешімімен Балқаш қаласынан облыстық кезеңге жолдама алған үш оқушы анықталды:

1 орын (150 000 тг) – Мерей Сыздықбаева (№2 мектеп-лицей), мұғалімі – Салтанат Имухаметова.

2 орын (100 000 тг) – Аружан Шакирова (М.Русаков атындағы мектеп-интернаты), мұғалімі – Әсел Есімбекова.

3 орын (70 000 тг) – Ажар Берік (№24 мектеп-интернаты), мұғалімі – Болат Жәнібек.

Айта кетейік, байқау қыркүйек айында басталған. Мақсаты – жас ұрпаққа батырлық жырларды таныту, кітап оқуға қызығушылығын арттыру, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту. Аудандық (қалалық) кезеңдер 20–28 қараша аралығында өтсе, облыстық кезең 10 желтоқсанда ұйымдастырылады.

І орын алған оқушы 1 000 000 теңге және Қарағандыдағы жоғары оқу орындарының бірінің грантына ие болады. ІІ орын – 500 000 теңге, ІІІ орын – 250 000 теңге.

Сонымен қатар І орынды жеңіп шыққан оқушының ұстазы жеңіл автокөлікке қол жеткізеді.

Биыл облыс бойынша байқауға мыңнан астам мұғалімнің жетекшілігімен 4200-ге жуық оқушы қатысып отыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА 
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button