Балқаш қаласында ардагерлер ардақталды
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Данияр Серіков пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тайтөлеу Жұманов қаламыздың ардақты ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, ізгі тілектерін жеткізіп, сый-құрмет көрсетті. Қамқорлық пен мейірімге толы бұл кездесу қазыналы қарттарымыздың көңілін бір марқайтып тастады.

Қала әкімінің орынбасары тыл ардагері, халқымыздың ардақты перзенттерінің бірі, қоғам қайраткері Төлеуқадір Тоқтамысовтың жұбайы Шатай Тоқтамысованың шаңырағында болды. Бүгінде 88 жастағы Шатай апа жарқын жүзбен қарсы алды. Өзінің айтуынша, соғыс жылдары, 1943–1945 жылдары, Шатай апа Қарқаралы өңірінде анасының жанында жүріп, бала жасына қарамастан егіс даласында, мал фермасында еңбекке араласқан. 1958 жылы медициналық училищені тәмамдап, Балқаш қалалық ауруханасының инфекциялық бөлімінде мейірбике болып еңбек жолын бастаған. Жауапты қызметін 1995 жылға дейін абыроймен атқарып, 40 жылдық еңбек өтілімен құрметті демалысқа шыққан. Бүгінде төрт баладан тараған 6 немере мен 11 шөберенің ардақты әжесі. Еңбегі республикалық және облыстық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен, мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Мерекелік құттықтаулар келесі бір қадірменді жан – тыл еңбеккері Лидия Титоваға да арналды. 1935 жылы 9 желтоқсанда дүниеге келген Лидия Ивановна алдағы екі айда 90 жасқа толмақ. Ол еңбек жолын 1955 жылы машинистка болып бастап, 1959–1963 жылдары «Прибалхашстрой» трестінде хатшы қызметін атқарған. 1964 жылдан бастап Балқаш тау-металлургия комбинатында 28 жыл бойы еңбек етіп, есептеу станциясында оператор, бухгалтер-оператор, І санатты есептеу маманы қызметтерін абыроймен атқарған. Кейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде еңбек етіп, 1992 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан. Жалпы еңбек өтілі – 37 жыл. Еңбегі бірнеше мерекелік медальдармен бағаланған.
Айта кетейік, мереке аясында қала басшылығы бірнеше ардагерге сый-құрмет көрсетіп, зор қуаныш сыйлады.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ