Балқаш қаласы әкімдігінде жаңа қоныс иелеріне салтанатты түрде пәтер кілттері табысталды. Қала әкімінің орынбасары Данияр Серіков тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға мықты денсаулық, бақыт және амандық тіледі.

Іс-шара барысында 2023 жылы тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында және Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджет есебінен 79 азамат баспанамен қамтылғаны атап өтілді. Олардың ішінде 42 әлеуметтік осал санаттағы азамат жеңілдетілген шартпен несиеге тұрғын үй алған. Олардың қатарына көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I және II топ мүгедектері, зейнеткерлер, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері кіреді.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары биыл да жалғасуда. Жақын арада тағы 135 азамат жаңа пәтерге ие болмақ.
Қоныс иелерінің қатарында көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және жетім балалар бар. Олардың ішінде көпбалалы ана Күлкен Нуралина мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысын білдірді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.