АймақЖаңалықтар

Балқаш қаласында 74 шақырым жылу желісі жөнделді

Соңғы үш жылда Балқаш қаласында 74 шақырым жылу желісі мен 60 шақырымнан астам су құбыры ауыстырылды. Сонымен қатар қалада спорттық инфрақұрылым дамытылып, медициналық жүйе күшейтіліп жатыр. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Қала басшысының айтуынша, инженерлік коммуникацияларды жаңарту жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде.

— Бұл жұмыстар жылумен қамту сапасын арттыруға және апатты жағдайлардың санын азайтуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 15,5 шақырым су құбыры желісін ауыстыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ кәріз коллекторын қайта жаңғырту, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жұмыстары жалғасуда, — деді Сапар Сатаев.

Сонымен қатар Тоқырау — Саяқ су құбыры жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде 78 шақырым желі ауыстырылған. Бұл Саяқ кентінің тұрғындарын тұрақты әрі сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Алдағы екі жылда тағы 16 шақырым апатты учаскені жөндеу жоспарланған.

Қалада жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі: алдымен жерасты коммуникациялары жаңартылып, кейін жол жабыны мен тротуарлар жөнделеді.

Өткен жылы 10 көшеге жөндеу жүргізіліп, 11 аула абаттандырылды, тротуарлар ішінара жаңартылды. Көшелерді жарықтандыру үшін заманауи бағаналар орнатылып, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырлары ретке келтірілді. Қаланы көгалдандыру жұмыстары да жалғасып жатыр.

Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Биыл әрқайсысы 45 пәтерлі үш тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Әлеуметтік саланы дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Өткен жылы көпсалалы аурухана базасында әйелдер консультациясы ашылды, сондай-ақ мектептерде екі стоматологиялық кабинет іске қосылды. Жылдың екінші жартысында стоматологиялық орталық ашу жоспарланып отыр. Ангиографиялық операциялық блокқа арналған қосымша ғимарат салынды, қазіргі уақытта медициналық жабдықтар орнатылуда.

Сонымен қатар балаларға арналған оңалту орталығын ашу үшін ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Ауруханаға ауданаралық мәртебе беру мәселесі де қарастырылып жатыр.

Медицина саласындағы кадр тапшылығын шешу үшін қаладағы медициналық мекемелерге 31 дәрігер тартылды. Бұдан бөлек, «Коунрад» корпоративтік қорының қолдауымен 12 студент медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда.

Қалада спорт инфрақұрылымы да жаңартылуда.

— Өткен жылы «Металлург» стадионы аумағында ангар типіндегі күрес залы пайдалануға берілді. Балқашта мұндай зал ұзақ уақыт бойы болмаған, тұрғындар, әсіресе жастар бұл мәселені жиі көтеріп жүрді. Қазір бұл залда 400-ден астам бала мен жасөспірім қазақ күресі, дзюдо және еркін күреспен айналыса алады. Сонымен қатар күрес секциялары жаңа ғимаратқа көшірілгеннен кейін басқа спорт залдарында бос орын пайда болды. Бұл бокспен айналысуға арналған алаңдарды кеңейтуге, сондай-ақ футбол мен волейбол жаттығуларының жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді, — деді Сапар Сатаев.

Алдағы мақсаттардың бірі — «Металлург» стадионының жанынан шағын қонақүй салу. Бұл Балқашқа облыстық және республикалық құрамаларды шақырып, күрес, бокс, еркін күрес және басқа да спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қалада спорт алаңдары жаңартылып, балалар мен жасөспірімдердің футбол, волейбол және басқа да спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасалды.

Қалада 900 орындық «Жайлы мектеп» пайдалануға беріліп, балалар мен жасөспірімдерге арналған техникалық шығармашылық орталығы ашылды. Мұнда 12 ғылыми-техникалық үйірме жұмыс істейді, оларға 120 оқушы қатысады.

Балқашта инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді.

Қарағанды облысының әкімдігі

Басқа материалдар

Back to top button