Балқашқа жолбарыстар қайта оралады
Жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба аймақтағы жолбарыстар популяциясын қалпына келтіріп, 2035 жылға қарай олардың санын 50-ге дейін жеткізуді көздейді.

Ресейден әкелінген жабайы амур жолбарыстарын Балқаш көлінің оңтүстік жағалауына биылғы көктемде қоныстандыру жоспарланып отыр. Екі аталық және екі аналық жолбарыс аймақта қалыптасатын жаңа популяцияның негізін қалайды.
Жоба Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында жүзеге асырылуда. Мұнда болашақ жыртқыштарға арналған табиғи экожүйе мен қоректік база қалпына келтіріліп жатыр. 2021 жылдан бері өңірде шамамен 87 мың ағаш отырғызылған. Бұл қабандар мен Бұқар бұғыларының тіршілік ету ортасын қалыптастыруға көмектеседі.
Еске салсақ, бұған дейін резерватқа амур жолбарыстарының бір жұбы – Кума атты аталығы мен Бодхана атты аналығы жеткізілген. Қазіргі уақытта олар мамандардың бақылауында. Кейін олардың ұрпағы пайда болған соң, жас жолбарыстарды жабайы табиғатқа жіберу жоспарланып отыр.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



