АймақБалқашБас тақырыпБасты тақырып

Балқашқа 125 мың шабақ жіберілді

Бүгін «Kazakhmys Smelting» ЖШС-нің бастамасымен жыл сайынғы дәстүр бойынша Балқаш көліне 125 000 дана сазан шабағы жіберілді.

Суреттер автордан

Іс-шараның басты мақсаты – еліміздің табиғи байлығы саналатын Балқаш көлінің экожүйесін сақтау, биологиялық әртүрлілікті арттыру және өңір үшін әлеуметтік әрі экологиялық маңызы зор балық қорын қалпына келтіру. Көлемді шараға компания басшылығы, жергілікті әкімдік, салалық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Экологиялық акция барысында жарты жылдық шабақтар көлдің Бертіс шығанағына жіберілді. Таңдалған аймақ – шабақтардың бейімделуі үшін қолайлы көрінеді. Бұл аумақ «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Балқаш филиалы тарапынан ең тиімді локация ретінде ұсынылды.

Әр шабақтың салмағы 9-дан 100 грамға дейін жетеді. Орташа салмағы – 35 грамм. Мамандардың айтуынша, күз мезгілі – балықты табиғи ортаға жіберу үшін ең оңтайлы кезең. Бұл шабақтардың жаңа ортаға тез бейімделіп, тіршілігін сәтті жалғастыруына сеп болмақ.

– Көктемде алынған уылдырықтар жаз бойы өсіріліп, күзде су айдынына жіберілуде. Балқаш көлінің суы бұл шабақтарға үйреншікті болары сөзсіз, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, ғылыми қызметкер Фаризат Алтаева.

Балықтандыру жұмысын Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, «Kazakhmys Smelting» ЖШС, жергілікті әкімдік және ғылыми орталық мамандары қатаң бақылауларына алады. Балықтардың табиғи ортаға бейімделуін қамтамасыз етіледі.

Бұл акция – жай ғана экологиялық шара емес, өңірдің болашағына бағытталған ұзақ мерзімді әлеуметтік жоба. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысының дамуына қатысты белгілеген сегіз басым бағытының бірі – экологиялық тұрақтылық. Осы стратегиялық бағытты жүзеге асыруға үн қосқан «Kazakhmys Smelting» ЖШС өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсартуға ерекше ден қойып келеді.

– Биылғы 125 мың дана шабақпен бірге компания соңғы бес жыл ішінде Балқаш көліне жарты миллионнан астам шабақ жіберді. Мәселен, 2022 жылы – 234 171 дана, 2023 жылы – 166 405 дана шабақ көлге жіберілген болатын. Осы жылдардағы балықтандыруға бөлінген қаржы көлемі де ауқымды. 2022-2023 жылдары аталған шараларға 23 720 583 теңге бөлінсе, 2025 жылы қосымша 16 800 000 теңге қарастырылған. Бұл қаражат шабақтарды өсіруге, тасымалдауға, оларды бейімдеу жұмыстарын жүргізуге және ғылыми бақылауға жұмсалды. Біздің кәсіпорын үшін бұл – қоршаған ортаға қамқорлық танытудың көрінісі. Бұл тек экологиялық бастама ғана емес, бұл – біздің өндірістің өмір сүру ортасына деген жауапкершілігі, – деді Балқаш мыс қорыту зауытының директоры Айдар Түсіпбеков.

Игі шараға арнайы қатысқан Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов та бұл бастаманың маңызын атап өтті.

– Мұндай акциялар өңір тұрғындары үшін де үлкен мәнге ие. Бұл табиғатты сақтауға, биоәртүрлілікті қалпына келтіруге және болашақ ұрпаққа таза көл қалдыруға бағытталған нақты қадам, – деді ол.

Айта кетейік, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бұл бастаманы келешекте де жалғастырмақ. Балқаш көлін балықтандыру – жай ғана символдық шара емес, нақты ғылыми негізделген, ұзақ мерзімді экологиялық бағдарлама. Бұл бастама көлдің биологиялық әртүрлілігін сақтауға, балық шаруашылығын дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына ықпал етеді.

Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button