Басты тақырыпРуханият

Балқантаудан басталған Ақбұлақ

Қазіргі қазақ эстрадасының өнерпаздарын өнер елегінен сүзіп өткізсеңіз жарқыраған жұлдыздай жымыңдаған бір топ ұлттық өнеріміздің танымал шоғырын көресіз. Сахнада есті әндері, сүйкімді әдептерімен, айшықты киім киістерімен талғампаз қазақ көрермендеріне шеберліктерімен ләззат сыйлап жүрген эстрада әншілері Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, Қарақат пен Қыдырәлі, Жазира мен Жанболат, Тоқтар мен Бейбіт, М.Сәдуақасова, А.Иманбаева сынды қазақ эстрадасының айтулы мақтаныштары аз емес. Кейінгі қаулап өсіп келе жатқан, өздеріне тән ерекшеліктерімен биік сахнадан көрініп, әлем эстрадасын бағындырып қана қоймай, табындыра білген Димаш Құдайберген сынды әншілердің барлығы қуантады.

Осыдан тура 45 жыл бұрын аққудың көгілдіріндей сүйкімді әнші балапанның тәй-тәй басып сахнаға шыққанын көріп, қуаныштан жүрегі жарылардай риза болып, баталарын беріп, тілеуін тілеген қазақ көрермендері Қарағанды қаласында аз емес шығар. Сол кездегі №2 мектеп-интернатының бастауыш сыныбының оқушысы, әнге құштар Мақпал Жүнісованың болашақта ұлт­тық эстрадамыз­дың мақтанышы болатынын көз алдарына елестетті ме екен?!

«Сол кезде Қарағандыдағы екі қазақ мектебінің бірі №2 мектеп-интернаты мен (қазіргі Нұрмақов атындағы гимназия) С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының байланысы өте жақсы болатын. Ұлтжанды ұстаздар Е.Тайлақов, М.Шәріпова, С.Мұқанова, Л.Бәйешова, т.б. ұлттық тәрбиеге, әсіресе, рухани жағынан ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді сақтап, шәкірттерінің бойына сіңіруде ерекше көңіл бөліп, еңбек етулерінің нәтижесінде Кеңес Одағының өзінде қаншама қыспақты көрсе де, ұлттық тәрбиеден қол үзбей, бар мүмкіншіліктерді пайдаланып, шәкірттерін ұлттық жәдігерлерімізді қадірлеуге үйретіп шығарды. Бүгінгі таңда ел ағалары болып, құрметке бөленіп жүрген азаматтар осындай білікті ұстаздардан тәрбие алып шыққан ел мақтаныштары. Солардың біразы өнер мен мәдениет саласының қайраткерлері. Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты М.Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қайрат, Жақсыкелді Кемаловтар, ақын Қайрат Асқаров шын мәнінде өркениетті еліміздің ерен азаматтары. Мектеп қабырғасынан ұлттық тәрбиенің уызына жарып, қазақ тілінің мөлдір кәусарын қанып ішіп, салт-дәстүрдің тегеурінді асылдарын бойларына сіңіріп өскен сұңғыла шәкірттер»,– деп жазып қойыппын естелігіме.

Шындығында Мақпалдың Алла берген табиғи талантын дер кезінде танып, Балқантаудан басталған қайнар көзін өнер ізіне салып, арналы өзенге жетуіне зор үлес қосқан №2 мектеп-интернаттың тәрбиесі мен ақыл-кеңесі екені сөзсіз. Ең алғаш С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының сахнасында өткен өнер кешіне жас таланттардан М.Жүнісованы концертке қосуға театр басшыларынан ұлықсат алдым. Ол кезде мерейлі мерекелерге концертті жүргізіп, сценарийін жазып, жалпы ұйымдастыруды театр басшылығы маған тапсыратын. Мақпалдың сол кездегі өнерсүйер қауымға алғашқы орындағаны Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы» болатын. Музыка училищесінің студенті Р.Баймағанбетов баянмен сүйемелдеп, Мақпал нәзік те әдемі даусымен шырқағанда көрермендер қуаныштан дуылдата қол шапалақтап шабыттанып кетті. Қазақстанның халық артисі Ж.Шашкина ризалықпен ақ батасын берді. Содан бастап концертке шақырып тұратын болдық. Театр басшылары өте риза, тек репертуарын өзгертуді өтінді. Тағы бірде Ж.Шашкинаның 60 жылдық мерейтойына байланысты сахнада өткен салтанатты кешке тағы да ән айтқызуға алып келдік. Басшылардың «Ақбұлақтан» басқа ән айтсын деген өтінішін жеткіздім. «Басқа әнім бар, ағай, «Терезеңнің жақтауына ойып жаздым атыңды» деген, сол кездегі студент жастардың сүйікті әнін орындайтынын жеткізді. Баянмен сүйемелдеуші Ислам Байгесиев деген жас актер: «Ойбай, бұл әнді саған айтуға әлі ерте ғой»,– деп еді, басқа әні жоқ бүлдіршін етегі жасқа толып, булығып еңіреп қоя берді. Сахнаға деген құштарлығына риза болып, басшыларға «Ақбұлақтан» басқа өлеңі жоқ екенін айттық. Қасымызда тұрған Мақпал жылаған күйі: «Мені көреміз деп тәрбиешім кластастарыммен бәрі келді, өлең айтайыншы, келесі жолы басқа өлең дайындаймын» – деп, өксіп-өксіп жалбарынды. Жас бүлдіршіннің өнерге деген махаббатына, намысқойлығына риза болған театр басшылары «Ақбұлақты» айтуға ұлықсат берді. Міне, сол «Ақбұлақтан» бастау алған қайнар бұлақ бұл күнде еліміздің түпкір-түпкірін өнерімен сусындандырып жүрген «Қазақтың ерке қызы» атанған, Қазақ эстрадасында ешкімге ұқсамайтын өзіндік орындаушылық шеберлігімен асқақтап жарқыраған Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік және Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Мақпал Жүнісова.

Мақпал қасиетті Қарқаралы өңірінің өнер кенішіндей көркем Балқантаудың баурайында дүниеге келіп, қаламыздағы №2 мектеп-интернатта оқып жүріп балауса талантымен жарқырап, Алматыдағы А.Жұбанов атындағы республикалық өнер мектебіне алынды. Кәсіби мамандардан тәрбие алған жас талант Мақпал өнер айдынында ақжелкенін көтеріп, толқынмен жарысқан желкенді қайықтай, желі оңынан тұрып жүзіп кете барды. Эстрада-цирк студиясын бітірісімен атақты «Гүлдер» ансамбліне эстрада әншісі болып орналасты. Әндерді оркестрмен де, домбырамен де орындайтын жан-жақты шебер әнші. Әсіресе, сахнадағы ерекше сүйкімділігі табиғи. Не істесе де өзіне жарасады, өйткені бәрін халқына еркелей жүріп, әдептен аспай, қазақи наз ерке қылықпен жасайды. Сахнадағы инабаттылығы, сөз сөйлеу ерекшелігі көптеген эстрада әншілеріне үлгі боларлық. Үлкендерге, аналарға арнай тұщымды сөз сөйлегенде, замандастарына қалжыңдай айтқан әзілдерін естігенде тіл байлығының шұрайлылығына риза боласың. Қарағандыда 1972 жылы кәсіби сахна төріне тәй-тәйлап шыққан балапан бұл күнде Тәуелсіз еліміздің шабытты жырларын әлем аспанында қалықтатып жүрген өнер майталманы, халқымыздың мақтанышы. Қанатың талмай, өнер көгінде қалықтай бер, Қазақтың ерке қызы!

К.Жұмабеков,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі.

P.S. Ертең, 19 сәуір күні Кеншілердің Мәдениет сарайында Мақпал Жүнісованың кеші өтеді. Арқаның қаһарлы қысынан кешігіп жеткен көктеммен бірге әнші қызымыздың ерекше даусы сағыныштың жылы лебін бірге ала келгені де рас.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button