АймақҚарағанды

Қарағандыда жылу желілерін жаңарту мәселелері іске асып жатыр

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», – деді. Өңірде осы бағытта нендей негізгі мәселелер кезігуі кәдік? Енді не күтуге болады? Жауап іздеп көрелік…

Суреттерді түсірген автор

Теңгерімді технология

– Ауық-ауық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен мұндай қадағалау жиындарын өткізіп тұрамыз. Биылға 1 млрд 230 млн теңгедей қаражат қарастырылды. Бар мәселе түпкілікті қадағалауда, – деді табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Қымбат Бейсенов.

Өз кезегінде «Теплотранзит Қарағанды» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бас директоры Андрей Ляпуновтың айтуынша, облыс орталығында атаулы бағдарлама аясында жылу желілерін реконструкциялау жұмыстары жалғасын табуда. Мәселен, «Астанаинжкомстрой» ЖШС мердігер ұйымы 2023-2025 жылдарға арналған Қазыбек би және Ә.Бөкейхан аудандарында жылу желілерін қайта құру жұмыстарын жүргізіп келеді. 29-шағынаудандағы жылу-механикалық бөлімді тұтастай реконструкциялау амалдары іске асып жатыр. Айталық, сорғы жабдықтары үр жаңа өнімділігі жоғары және жиілігі өздігінен реттелетін заманауи қондырғыларға ауыстырылуда. Диаметрі үлкейтілген жаңа құбырлар, арматура және сүзгілер орнатылып жатыр. Сонымен қатар, температураны реттеу торабы мен шығын өлшегіш құралдар да қойылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жүргізілуде.

Расында Қарағандыдағы жылу желілерінің жаңаруы – өңір үшін маңызы терең әрі стратегиялық жоба. Жұмыс ауқымы кең болғанымен, нақты нәтижесі көзге кезең-кезеңімен көріне түспек. Теңдессіз технологиялардың енгізілуі мен жылу жүйелерінің тиімділігін арттыру халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, жаңғырту жобалары қаланың экологиялық жағдайын да жақсартады. Себебі, ескірген инфрақұрылымның орнына заманауи, энергиялық тиімді құрал-жабдықтар енгізіледі. Алдағы жылдары Қарағанды тұрғындары жылу жүйелерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істейтініне бек сенімді бола алады. Есесіне, мақсатқа жету үшін, барлық тараптардың ынтымақтастығы мен жауапкершілігі аса маңызды. Ең бастысы, осы жұмыстардың барлығы қоғамның игілігі үшін, ұзақ мерзімді нәтижеге жету жолында жүргізіліп отыр.

Нақтыласақ, С.Мұқанов көшесі 1/6 мекенжайындағы диаметрі 57-500 мм болатын жылу желісі учаскелері жаңартылып келеді. Жаңа құбыр желісінің ұзындығы 1,65 шақырым. Енді бұрынғыдай жылу жүйелеріндегі ақаулар мен үзілістер болмауы тиіс. Құбырлардың жаңаруы мен диаметрлерінің үлкеюі жылу желісінің өнімділігін арттырып, энергия шығындарын азайтуға жағдай жасайды. Жаңа материалдар мен жоғары технологиялық жабдықтар, соның ішінде, арматура, сүзгілер және температураны реттейтін құралдар орнатылып жатыр. Құрылыс жұмыстары барысындағы жылдамдық пен сапа алғы басымдықта. Әр қадам мұқият жоспарланып, қала тұрғындарына мүмкіндігінше аз қолайсыздық туғызуға тырысып жатыр. Ал, жаңа құбыр желісінің орнатылуы тек техникалық тұрғыдан ғана емес, қаланың энергетикалық қауіпсіздігін арттыру тұрғысынан да үлкен өмірлік мәнге ие.

Қосымша қуат көзі

Әлихан Бөкейхан ауданы, Архитектурная көшесі 13 мекенжайында араластыру торабынан шығатын жылу желілерін жаңарту амалдары іске асып жатыр. Мұнда құбыр диаметрлерін үлкейтіп, әрмен қарай орнату әдісін өзгерту қарастырылған. Тұрғын үйлер мен кәсіпорындарға жылу жеткізуді қамтамасыз ету үшін қосымша тармақтар қосылуда. Реконструкцияланатын құбыр желісінің ұзындығы – 1,6 шақырым.

– Мұнда сорғы құрылғысын реттеу мен автоматикалық жүйе жұмысын жолға қою үдерісі іске асуда. Әдепкі темір тұрбалар заманауи қапталған құбырларға ауыстырылып жатыр. Жалпылай алсақ, көздеген межені уақытында еңсердік десек, болатындай. Жылыту маусымы басталар шақта тек құрылғы атаулысын бір тексеріп алып, іске қоса береміз, – деді «Теплотранзит Қарағанды» серіктестігінің бас директоры Андрей Ляпунов.

Жобаның маңызы зор. Жаңартылған жылу желілері бір ауданның немесе қала тұрғындарының қамы ғана емес, мұқым облыс деңгейінде энергия тиімділігін арттырып, жылу жүйесінің жұмысын сапалы әрі тұрақты ету үшін қажет. Ел ішінде қуат көздеріне деген сұраныс артқан сайын, мұндай жаңашылдықтың маңызы да еселеп өсіп отыр. Құбыр диаметрлерінің үлкеюі мен заманауи қапталған құбырлардың орнатылуы осы айтқанымыздың өзектілігін айқынырақ көрсететіндей. Бұрынғы темір тұрбалар өз міндетін атқарғанымен, қазіргі талаптарға сай емес еді. Ал, жаңартылған жүйе энергияны тиімді пайдалану, үнемдеу және апат жағдайларының алдын алу мақсатында жаңарған.

Жылыту маусымы басталғанын ескерсек, алдымен әлеуметтік нысандар жылуға қосылып, осы кезеңде тұрғын үйлерге жылу жеткізу мәселесі біртіндеп шешіледі. Алайда, үздіксіз үдеріс оңай әрі бірден жүзеге асатын жағдай болмаса керек. Көпшілікке сол тақылеттес техникалық аспектілер көп жағдайда түсініксіз болып келеді. Жергілікті коммуналдық қызметтер өкілдері қым-қуыт кезеңде тұрғындарды тағат етуге шақырады. Әлеуметтік нысандар жылуға қосылса да, магистральді желілер мен жалпы жүйенің жұмысын реттеу үшін біршама уақыт қажет.

Бүгінде қала аумағында 67 сорғы стансасы жұмыс істейді. Стансалар саны қаладағы жылу жүйесінің көлемін, күрделілігін әрі оны басқарудың маңыздылығын айғақтайды. Әр сорғы стансасының өзіне тән «міндеттері» бар. Олардың барлығы біртекті де біркелкі синхронды жұмыс істегенде ғана қаланың жылу жүйесі біртұтас әрі тұрақты бола түспек. Ал, қазіргі кезде стансалардың жұмысын реттеу, температурасын тұрақтандыру үшін мамандар білек сыбанып, жең түрініп, еңбек етуде. Желіде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен қатар, жүйеге қосылған қосымша қондырғылар мен бақылау жүйелері жылу тасымалдауды барынша үйлестіріп, үздіксіз қызмет көрсетуге септеседі.

Алты ай қысқы кідіріссіз үдерістің ұзақтығы мен күрделілігін ескере отырып, тұрғындарға жылу жүйесінің толық іске қосылуы үшін бірқатар уақыт керек екендігі жөнінде хабарландырулар жасалып, келелі мәселеге түсіністікпен қарау талап етілуде. Технологиялық жұмыстар барысында температура көрсеткіштері ретке келтіріліп, жылу тарату қызметі біртіндеп қаланың әр түрлі бөліктерінде жүзеге асырылады. Коммуналдық қызметтер өкілдері тұрғындардың жылуды асыға күтіп отырғанын жете түсінеді. Алайда, жүйенің тұрақты жұмыс істеуі үшін барлық жұмыстардың сапалы әрі мұқият жүргізілуі аса маңызды.

Экскаваторшы мен дәнекерлеуші

Өндіріс саласы әрдайым күрделі. Қазіргі таңда компаниялардың көпшілігінде кәсіби мамандарға деген сұраныс артып келеді. Мәселен, негізгі капиталы 4,5 миллиард теңгені құраған ірі компаниялардың бірі – өндіріс жұмысына қажетті 120 білікті маманға зәру екендігін де жұртшылық қаперіне салып өтелік. Әсіресе, дәнекерлеуші және экскаватор жүргізушілері сынды қарапайым еңбек адамының тапшылығы анығырақ байқалуда. Мұндай мамандықтар бүгінде көптеген оқу орындарының бағдарламасынан да тыс қалып барады деседі сала өкілдері. Бұрындары «Теплотранзит Қарағанды» компаниясында 67 жұмыс бригадасы қызмет етіп, ауқымды өндірістік жұмыстарды атқарған болса, қазір сол сан үш есеге дейін төмендеген. Әнекей де мінекей, тосын жағдай өндіріс процестерінің тежелуіне және компаниялардың жұмыс күшіне деген тәуелділігінің артуына себепші болуда.

Қарапайым мамандықтарға деген сұраныс ұлғайғанымен, сарапшылардың айтуынша, өндіріс саласы неғұрлым дамыған сайын, оған сай келетін кәсіби мамандарды даярлау жүйесі де өз кезегінде дамуы қажет. Мәселен, дәнекерлеуші немесе экскаватор жүргізушісі сияқты мамандықтарды оқытатын оқу бағдарламалары әлсіреген. Бұрын бұл мамандықтар жоғары сұранысқа ие болғанымен, қазіргі уақытта жастардың өз болашағын тек теориялық мамандықтармен байланыстыратын тенденциясы байқалуда. «Қандай шешімдер қажет?» десек, өндіріс саласындағы кадр тапшылығы еліміздің басқа да өңірлерінде өзекті мәселеге айналуда. Бұдан шығудың жолы – жұмысшы мамандықтарын оқытатын арнайы оқу бағдарламаларын жаңартып, еңбек нарығына бағытталған оқу орындарының санын арттыру дейді олар. Сонымен қатар, кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы байланыс нығайып, студенттерді өндірістік тәжірибемен қамтамасыз ету қажет. Осылайша, теориялық білім мен нақты өндіріс дағдылары арасындағы алшақтықты жоюға болады. Қарағандыдағы өндірістік компаниялардың алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі – осы маман тапшылығын шешу және өз кадрларын даярлау мәселесіне ден қою. Бұл өз кезегінде, жергілікті өндіріс тиімділігін арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Әйтпесе, күрделі экономикалық кезеңде қарапайым мамандықтар сұранысқа ие болғанымен, оларды даярлау ісі елеусіз қалуы да кәдік дүние.

Ынтымақ ықтияры

Қайыр-қош, бүгінде инвестициялық бағдарлама шеңберінде қаражат толықтай игеріліп, қажетті стансалар түгелдей дерлік жаңғыртылды. Тұтынушылар саны күннен-күнге артып, экономиканың өсімі мен қала инфрақұрылымының дамуының дәлелі ретінде көптеген тұрғын үй кешендері жыл сайын бой көтеруде. Жағымды тіршілік жағдаяттары жылу желілерінің ауқымын кеңейту қажеттілігін тудырады. Өйткені, жаңа тұрғын үйлердің жылу жүйелері мен энергия тұтыну көлемі артуда. Ал, биылғы жоба құны – 2 миллиард теңге шамасында. Алайда, ең өзекті мәселелердің бірі құрылыс материалдарының жеткізілуі мен қажетті жабдықтардың тасымалдануында туындаған. Осы тұрғыда негізгі құрылыс жабдықтарының көп бөлігі көршілес Ресейден әкелінеді. Осыған орай, тиісті рәсімдер мен құжаттарға қол қою, сондай-ақ, тауарларды жеткізу үшін қажетті уақыттың өзі алты айға дейін созылған көрінеді. Іске асыру кезеңінің ұзақтығы құрылыс жұмыстарының бастапқы кестесінен ауытқуына және жобаның жүзеге асырылу уақытын кейінге қалдыруға себепкер болды.

Қым-қуыт жұмыс барысындағы сантүрлі кедергілерге қарамастан, салалық департамент өкілдері мен компания басшылығының арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі атап өтілді. Олар мұндай жағдайларда өзара ашықтық пен келісімге жету үшін тығыз жұмыс істеді. Нәтижесінде жобаның жүзеге асуы үшін қажетті барлық шешімдер уақытында қабылданды. Құрылыс кезеңінің уақытша кешеуілдеуі тек сыртқы факторларға байланысты болғанымен, қазіргі уақытта барлық жұмыс қайтадан жолға қойылып, алдағы уақытта тиісті жоспар бойынша жүзеге асырылады деп күтілуде. Жоба – тек аймақтың жылу желілері мен тұрғын үй инфрақұрылымының кеңеюі ғана емес, сондай-ақ, салалық департамент пен жеке компаниялар арасындағы үйлесімді жұмыс үлгісін көрсетуімен де маңызды. Әрине, құрылыс материалдарының жетіспеушілігі мен жеткізілімнің кідірісі салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, байыпты бағдарламаның тиімді жүзеге асуы үшін барлық тараптар өз міндеттерін адал орындауға барынша күш салған екен.

Асылы, қандай да бір ауыртпалық пен кідірістерге толы жолда сенімді серіктестік, бірлескен күш-жігер және ортақ мақсатқа деген адалдық қай жоба мен жотаның болсын, шынайы қозғаушы күшіне айналары һақ. Уақытша кідірістермен сыртқы факторлар іске деген сенімді сөндірмеді. Салалық департамент пен компания басшылығының арасында қалыптасқан мызғымас ынтымақтастық, ашықтық, сенім мен келісім рухы арқасында қиындықтар жаңа шешімдерге жол ашты. Бұл – серіктестік пен мемлекеттік басқарудың үйлесімді тандемі қалай жұмыс істей алатынының жарқын үлгісі десек те болар. Жылу әр заманда жайлылық пен қауіпсіздіктің кепілі болған. Бүгінгі күн – кешегі еселі еңбектің нәтижесі. Ертеңгі күн – ынтымақпен өрілген бүгінгі шешімдердің жемісі болмақ. Инвестбағдарлама байқаған болсақ, мәнді мақсат жолында біріге жұмыс істей алатын қоғам бейнесі рәуішті. Және де сол қоғамның болашағы жып-жылы әрі үмітке толы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button