Жаңалықтар

Байлығыңа бекем бол

Қазақ даналығында бірінші байлық қашанда – денсаулық. Денің сау болмаса, басқа дүние маңызын жоғалтады. Алла біреуге сырқатты сынақ етіп береді, екіншілері оны қолдан жасап, бастарына өздері тілеп алады. Қалай болғанда бүгінгі күн денсаулықтың қадірін білмекке шақырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрылған күні – Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні болып аталып келе жатқанына биыл 70 жыл. Біздің елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынғанымен, кең көлемде ұйымдастырылып жүргені кейінгі жылдары ғана. Жыл сайын бұл күн маңызды деген белгілі бір мәселеге бағытталып өткізіледі. Мәселен, өткен жылы «Депрессия: кел, сөйлесейік» тақырыбымен өтсе, биылғы жылғы «Сау болу – сәнді!» ұранымен ұйымдастырылатын шаралар аурудың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған.

Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау ұйымдарының ұстанымы ауруды емдегеннен көрі оның алдын алуға бағытталған. Ол негізінен адамның өзінің жауапкершілігін арттырудан туындайды. Себебі, халықтың денсаулығы – тек медициналық түсінік емес. Ол әуелі әр қазақстандықтың қолындағы дүние, оның азаматтық жауапкершілігі. Денсаулықтың деңгейіне денсаулық сақтау және медициналық мекемелердің тек 8-10 пайызға ғана үлесі бар екен. Сонда қалғаны экологиялық, экономикалық, әлеуметтік, тамақтану мәдениеті, белсенді дене қимылы дағдысы, тұқымқуалаушылық, өз денсаулығына деген көзқарас және тағы басқа көптеген факторлардан құралады екен. Сондықтан, адамның денсаулығын сақтау тек медициналық қызметкерлердің қолында деп пайымдау қателік болар еді. Салауатты өмір салтын ұстану, оны насихаттау мәселесіне мемлекеттік деңгейде мән берілуі сондықтан. Елбасымыз биылғы жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық саулықты басқару ісін күшейту керек»,– деп атап өтті.

Қазіргі таңда көпшілік арасында денсаулығын қалыпта ұстау, дұрыс тамақтану, жаттығу залдарына бару сәнге айналып келе жатыр. Бұл – үлгі алуға тұрарлық сән. Дені сау адам – дені сау ұлттың негізі екенін ұмытпауымыз керек.

Жансая Омарбекова.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button