Руханият

Байқадамдағы ән байқауы

Бұқар жырау ауданының Байқадам ауылдық клубында қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Аққу қанатына жазылған жыр» атты аймақтық ән байқауы өткізілді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ауылдық клуб пен кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдастырған бұл байқауға облыс аудандары мен Қарағанды қаласынан 13 әнші қатысып, Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерді орындап, сахналық мәдениеті мен орындаушылық шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білді.

Сайыстың қазылар құрамына кірген Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Нұрланұлы мен Республикалық байқаулардың лауреаты, Руханият қосымша білім беру орталығының ұстазы Саян Бөдес, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернат Әбутаев, аудандық Мәдениет үйі «Зерде» бейнемобилінің әншісі Бригад Сембек олардың өнерлерін бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

Байқау қорытындысы бойынша осы Байқадам ауылының өнерпазы Рахат Нұрғиса «Қазағым-ай» әнін орындап, І орынға ие болып, диплом мен ақшалай сыйлықты иеленді. Ал, екінші дәрежелі диплом мен ақшалай сыйлық алған ауданның Ақбел ауылының әншісі Аружан Изатова орындаған «Айтатын саған сырым бұл» әні де тыңдармандар жүрегіне жол тапты. Келесі ІІІ орынның дипломы мен ақшалай сыйлығы Ақтоғай ауданының өнерпазы Нұрғазы Нұрғанибетке «Сәби болғым келеді» әнін тамылжыта айтқаны үшін берілді.

Сонымен қатар, байқауға белсене қатысқан аудан ауылдық округтерінің өнерпаздары Өзгеріс Хасенхан, Гүлзат Баймышева, Ардақ Елібаев, Софья Айтжанова, Мақсат Мазанов, Салтанат Сүлешова, Сабыржан Уәлиев пен Нұржанар Байытқызы және Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің қызметкері Тұрсынбай Марден де Алғыс хатпен және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Осы іс-шара аясында Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға ақынның өлең жинақтары, ол туралы естелік кітаптар мен әдеби басылымдар таныстырылды. Көрмені тамашалаған қонақтар ақиық ақынның мол мұрасынан сусындап, рухани ләззат алды.

Байқадамдағы ән байқауының жоғары деңгейде өтуіне Көкпекті ауылдық округінің әкімшілігі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ жергілікті кәсіпкер Кенжебек Қапанұлы демеушілік жасады.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button