Басты тақырыпРуханият

Бабаның үні – сананың нұры

Бағзы замандардан балбал тастарға бәдізделіп, әрісі ықылымдық ырыспен, берісі бес ғасырлық береке болып бекіген асыл аманатымыз – бабаның тілі болса керек. Осы бабаның тілімен даланың құнын білдік, дананың үнін естідік, сананың сырын танып, жалғанның жырын жырладық.

Өткен жылы біздің облысымыз қазақтың қабырғалы биі Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығын атап өтті. Тарихи тұлғаның туған жерінде басталған той, баба сүйегі жатқан «екі дүние есігі – Түркістанда» жалғасып, Өзбекстан жеріне дейін ұласты.

Арқа тұрмақ алты Алашқа абырой болған асылдарымыз әлі де аз емес. Қазақ билігіне келген алты ханның ақылшысы болған Бұқар жырау Қалқаманұлы да қаймана қазаққа қадірлі қария, ақылман тұлға еді. Биыл жырау бабамыздың да үш жарым ғасырлық мерейтойы.

Осы ордалы мерейтой қарсаңында Бұқар жырау ауданының мәдениет үйінде дәстүрлі «Бұқарекең жырлайды» ХХІ өнер сайысы өтті. Бұқар жырау мұрасын насихаттау мақсатында жылда өтетін өнер сайысының аудандық сатысының өзіне жүзге тарта үміткер қатысты. Бұл да жұртшылықтың жырау шығармашылығына бей-жай қарамайтынын көрсетсе керек. Тіпті, бір отбасынан байқауда белгіленген бөлімдерге бірнеше адамнан қатысты. Әдемі өнер додасының «әп біссімілләсін» осы аудандағы Тоғызқұдық ауылының төрт жасар тұрғыны Нұртілек Дәулетханның балаң дауысы ашты. Ботақараның төскейін ұлы жырау мұраларындағы текті өнеге мен тегеурінді рух кернеді.

«Бұқарекең жырлайды» жыр бәсекесі жалпы үш аталымнан тұрады. Әуелі «Бұқар жырау оқулары», яғни, баба мұрасын мәнерлеп жатқа оқу сайысы. Үміткерлердің әрқайсы көмекей әулиенің бірнеше толғауын қатарынан оқып, тыңдармандарға рухани ләззат сыйлады. Осы аталымнан бас жүлдені Төлеу Халипа деген қарындасымыз алды. І орынды – Айым Болтанова, ІІ орын – Мөлдір Еркін мен Айым Ясан, ІІІ орынды Бекарыс Жақаба, Назерке Әбеуова, Ақсұңқар Хавдулин, Назерке Тәшімбекова иеленді.

Ал, екінші аталым – текті бабаның толғауларын нақышына келтіріп орындаушыларға бұйырды. Толғау орындау сайысынан суырылып алға шығып, бас жүлдені аудандық мәдениеттің майталманы, әнші Қайролла Маемеров жеңіп алды. І орында – Бейбарыс Жақаба, ІІ орынды – Назым Мақсұт, Роза Майрол, ІІІ орынды – Ақерке Артықбай, Ақжан Шыныбек қанжығасына байлады.

Жырауларша тебіреніп, ойын солардың толғауларының сарынымен сабақтаған «Бұқарша» деген атпен белгіленген мүшәйра да өте тартысты өтті. Әркім қоғам қалтарыстарындағы келеңсіз жайттарға жырау көзімен қарап, өздерінше сөз кестеледі. Бұл аталымда бас жүлде – Айтуар Бекежановқа, І орын – Жасұлан Хамитовқа, ІІ орын – Фариза Бейсенбекова мен Әсемгүл Серікболға, ІІІ орын – Аяулым Жұманова, Нұрлыбек Төкенов және Орынтай Әбшүкірова апайға бұйырды. Негізі, қатысуға ниттенген жерлестерге жас мөлшерінен шектеу қойылған жоқ. Төрт жасар бүлдіршін бастаған дүбірлі додаға Орынтай апай сияқты алпысты алқымдаған әже де, елуді еңсерген Қайрекеңдей қайраткер әке де ат салысты.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – мемлекеттік міндеттеме. Ендеше, осы бір ерекше бастаманы біздер ертерек қолға алған екенбіз. Биылғы ХХІ Бұқар жырау оқулары биіктеу үстінде, кеңею үрдісінде. Осы сайыстан топ жарған бас жүлде мен бірінші орын иелері ертең облыстық сайыста бақ сынамақ.

Бұйыртса, алдағы уақытқа жоспарланып отырған Бұқар бабаның тойында кездесейік, ағайын! Далба тауының етегінде дүбірге дүрмек, дабыл болсын, бабаның «Он бір тілегі» қабыл болсын!

Ержан НАЙМАНБАЙ,

Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің

басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button