Бас тақырып

«Бабамыздың үні сенсің, Домбыра!»

Арқа аспанында алапат рух қалықтаған күй-керуені кешегі күні елді елең еткізді. Дәлірек айтқанда, Ұлттық домбыра күнінде бір мезетте қасиетті қара домбыраны жанына балаған 600 домбырашы орталық саябақта Дәулеткерейдің «Қосалқа», Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйін күмбірлетті. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі бас, балдырғандар қос болған күй мерекесі – бұл күннің қадір-қасиетін және бір паш еткендей-ді. Мұндай мәні зор игі іске ұйытқы болған – облыс әкімдігі мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы.

сурет автордан

Облыстағы балалар музыка және өнер мектептерінің оқушылары, домбыра үйірмелерінің қатысушылары, фольклорлық ансамбльдер, қазақ оркестрі, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс қатысушылары, домбыра сыныптарының ұстаздары бір сәтте біртұтас ансамбльге айналғандай.

Қазақ домбырамен бірге жасасып келеді. Домбыраның үнінде тарих, салтдәстүр, құндылық бар. Содан да, сірә, домбыра мен күй ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасып келе жатыр.

– Домбыра – қазақ елінің көнекөз шежіресі. Жанымыздың айнымас бөлігі. Қазақ халқының көнеден келе жатқан ұлттық аспабы. Халқымыздың асыл қазынасы, ұлттық мұрасы, бабалар аманаты. Қазақ халқы әрқашан домбыраны қадір тұтып, төріне іліп, қастерлеген. Ұлт аманатына айналған домбыра өз қасиетін жоғалтпақ емес. Осындай игі шаралар елдің рухын көтереді, – деді халық шығармашылығы бөлімінің әдіскері Әсем Алпысбайқызы.

Жиналған қауым назарына домбыраның шанағынан Тәттімбет, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды күй алыптарының туындылары ұсынылды.

Сонымен қатар, саябақ сахнасында «Арқа сазы» фольклорлық-хореографиялық ансамблі «Домбыра – думан» мың бұралған би композициясын халыққа паш етті. Кеште тек күй ғана орындалып қоймады. Дәстүрлі әндер де дәріптелді. Өнер кешіне домбыраны жанына серік еткен дәстүрлі әншілеріміз Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов, Меруеш Башай, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Ержан Базарбеков, Құрмаш Ыбышев, Медет Осатаев, Дулат Аханов, Гүлмира Тапай, Ришат Шәбденов ән әуелетті. Балуан Шолақтың «Ғалия», Құрманғазының «Серпер», К.Әзірбаевтың «Көк шолақ», Дәулеткерейдің «Көроғлы», А.Сейдімбектің «Дәурен-ай!», Н.Тілендиевтің «Махамбет», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» сияқты әндері көптің көкейіне қонақтап жатты.

Қазақтың ұлттық аспабы қасиетті домбыраны ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатып, мәдени мұраны сақтау мақсатында бекітілген мереке жыл сайын қанатын кең жайып, халықтық мейрам сипатын иеленіп келеді.

Оған дәлел – осы күні Әлихан Бөкейхан ауданындағы Майқұдық орталық саябағында бір мезгілде 300 адам күй шертуі. Күй тартуға қабілетті 7 жастан 60 жасқа дейінгі барша ықылас танытушылар тартылды. Оның арасында қарапайым қала тұрғындары да бар. «Домбыра – бабалардың аманаты» аталған флешмобы жер-жерде жалғасын тауып жатты.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың II курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button