Басты тақырыпҚаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жыл

Бабамыз ешбір әулиден кем емес

Қара қылды қақ жарған әділдік пен шешендік өнердің хас шебері, қол бастаған батыр, дипломат, болашақты болжаған әулие Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына биыл 350 жыл. Тамыздың 18-і күні бабаның және оның ұрпақтарының ата қонысы болған Егіндібұлақ өңірінде ұлан-асыр той болмақ. Осы той жақындаған сайын газет бетінде түрлі мақалалар жарияланып жатыр. Жақында ғана Қазақтың Тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров «Дала данышпаны» атты мақала жазып, аруақты шешенге арналған өзінің шынайы перзенттік сезімін білдірді. Біз де осы үрдістен қалмай, баба жайлы көптен ойда жүрген осы мақаланы жазуды жөн көрдік.

Көптен ойда жүрген деуіміздің өзіндік себебі бар. 2016 жылы 29 наурыз күні «Орталық Қазақстан» газетіне Сеңкібай – Биата мазарының шырақшысы Жұмажан Нұртайұлы бауырымыздың «Қаздауысты Қазыбек кімнен кем?» – деген мақаласы жария­ланды. Мақаланың тақырыбын оқып, тіксініп қалғанымыз рас. Бірақ, мақаланы түгел оқып шыққан соң не айтқысы келгенін түсіндік. «Кімнен кем?» – дегенде бабаны біз сияқты қарапайым адамдармен салыстырып отырған жоқ. Бидің өзі сияқты аты мәшһүр аталардан, әулие-әмбиелерден несі кем дегені екен. Шындығында Орта жүздің төбе биі болған Қаздауысты Қазыбек бидің басына барып, кейінгі ұрпақтары зиярат ететін орын жоқ. Бабамыздың Түркістанда Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленгенін жұрттың бәрі біледі. Кезінде Бекболат қойған баба құлпытасы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайында КП 452 номерімен сақтаулы және кесененің бір кездері хандар кеңес құратын Ақсарайда тұр. Алайда, бірінші рет зия­рат етіп барған адам ол құлпытасты таба алмайды. Ол жерде жөн сілтеп көрсетіп жіберетін бас адам жоқ. Жоғарыдағы мақаланың авторы Жұмажан ініміз де осыны растайды. Ол зияратқа үш рет барғанын, әр жолы жол бастап басқаларды құлпытасқа апарғанын айтады. Оның үстіне кейінгі кезде зияратқа барғандар Ақсарайдың ішіне түрлі жарнамалық заттар қойылғанын, содан бабаның құлпытасы мүлде тасада қалғанын айтады. Қысқасы шырақ алып ізіне түспесең құлпытасты ешкім таба алмайды, оның өзінде әдейі іздеген адам болмаса. Ал былайша сан мыңдаған зиярат етушілер Қаздауысты Қазыбек биді кесененің ішіндегі тізімнен көрмесе есіне де алмайды. Жоғарыда айтқан мақаланы жазып отырған Жұмажан ініміз осыған қынжылады. Ол былай дейді: «Төле би Ташкентте жерленген – мазары бар, Әйтеке би Өзбекстанда Нұратада жатыр –  мазары бар. Кезінде қазақтың үш биінің бірі болған Қаздауысты Қазыбек биде неге мазар жоқ?» Айтса айтқандай, біздің бабамыз кімнен кем еді? Қазақстанның түкпір-түкпірінде сандаған әулие бар, солардың бәрінде кейінгілер зиярат ететін мазары бар. Уақытында Сал әулие атанған Қаздауысты Қазыбек бидің рухына неге зиярат ете алмаймыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде жатқан барлық қасиетті аталарымыздың мүрдесін қазып алып, бір жерге жерлегенін жұрттың бәрі біледі. Мұнымыз дұрыс болды ма, бұрыс болды ма, оны бір Алламыз біледі. Алайда, ұлттық пантионда жатқан бабаларымыздың жатқан жерін таба алмағанымыз, мүрдесі жатқан жерге зиярат ете алмағанымыз қанша жақсы дейсіз.

Ал, Жұмажан Нұртайұлы бауырымыз осы олқылықтың орнын толтырудың жолын ұсынады. Қаздауысты Қазыбек би 1763 жылдың қараша айының ішінде Далба тауының Қараүңгір деген жеріндегі Қарағайлы бұлақтың басында (біреулер Теректі бұлақ дейді) күздікте отырған уақытта қайтыс болғанын білесіздер. Реті келгенде айта кетуге болады, бабаның бақилық болған жерін әркім әртүрлі жазып жүр. Өздері барып көрмеген соң қайдан білсін, көбі Семізбұғы тауының баурайы дейді. Баурайы болатын Семізбұғы тым үлкен тау емес. Дәлірегі биік шоқы деген дұрыс болар. Айналасы 3-4 шақырымды алып жатқан осы шоқыдан соғыс уақытында танкінің бронына қажет кен өндірген. Былайғы жұртқа Семізбұғы жақта деп жөн сілтеген дұрыс шығар. Себебі 60-шы жылдарға дейін Егіндібұлақ жұрты осы Семізбұғы арқылы дала жолымен Қояндының үстімен қатынайтын болған. Семізбұғы Қояндыға, яғни шығысқа қарай тартсаңыз бар-жоғы 60-70 шақырым жер. Енді біреулер бабаның аманатқа қойылған мекенді Теректі қыстағы деп жүр. Бұл да қате пікір. Қыстақ болу үшін қора-қопсы, зират болуы керек қой. Бұл жерде ондай ештеңе жоқ, жатқан ен дала, ол уақытта Орта жүздің бас биінің күздігі, қазір Далба қорығы деп аталады. Мәшһүр Жүсіптің жазбалары бойында Жаман Далба, Жақсы Далба деген болған екен. Яғни, бұл биік шоқылар Далба таулары деп аталады. Соның бір Далбасында Бұқар жырау жатыр, екіншісінде Қаздауысты Қазыбек би қайтып, төрт айдай аманат етіп қойылған. Аралары 10-15 шақырым.

Сонымен, Ботақарадан ұзын асфальт жол Керней елді мекені арқылы Суық су ауылына, бұрында Октябрь мал бордақылау шаруашылығы бол­ған ауылға алып келеді. Оңтүстікке қарай 5-6 шақырым жерде жаңағы Семізбұғы шоқысы көрінеді. Асфальт жол одан әрі Семізбұғының іргесіндегі Шалқар көлі арқылы Шалқар ауылына, жоғарыдағы шаруашылықтың бөлімшесі болған жерге алып келеді. Осы жерде күре жол кілт солтүстікке бұрылып Бұқар жырау мазарына қарай тартады. Біздер шығысқа қарай дала жолымен жүруіміз керек. Шамамен 15 шақырымдай жүргенде Бұқар жырау ауданының соңғы шегінде тұрған Ақбелге келіп тірелеміз. Бұл – жалпы Қарағанды облысының шекарасы бітетін жер. Белден төмен түскенде Баянауыл ауданының жері, яғни,  Далба қорығы басталады. Ал, Ақбелдің үстіне шығып, төменге, бабаның аманат етіп қойылып, жамбасы тиген аймаққа қарасаңыз көзіңіз тоймайды. Жақпар-жақпар тас, орман-тоғай, шілік, ақ қайың сыңсып тұр, тура бір суретші салған картина тәрізді. Жақындап барсаңыз ойдан төмен күркіреп аққан өзенге бергісіз бұлақ бар. Шежіреде айтылатын Қарағайлы (немесе Теректі) бұлақ осы болса керек. Осыдан қол созым жерде Оңтүстік-Батысқа созылған тағадай иілген шоқының бауырында, киіз үй тігіп отыруға ыңғайлы алаңқайда аманат тас тұр. Оның алғашқыда төртеу болғанын білесіздер. Қазір екеуі ғана қалған. ХХ ғасырдың басына дейін төртеуі де тұрыпты. Біреуін 1947 жылы Қаныш Сәтбаевтың көмекшісі Нұркен Жанәліұлы деген адам машинаға тиеп, Алматыға, Ғылым академия­сының мұражайына алып кеткен дейді. Екіншісін кім алғаны белгісіз. Киелі тасқа ешкім соқтықпауы керек еді.

Бабаның жамбасы тиген жерді, тасты киелі санауға себеп бар. Оған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлын куәға тартамыз. Мәкеңнің «Ит дүние» кітабының 298-ші бетін оқып көрейік. Әңгіме Қалден Серенге елшілікке барған оқиғаға қатысты. Қазақтардан елшілікке келгендерді аралап көріп, сынап қайт, бітім алып қайтуға лайықты адамы бар ма екен деп жұбайы Қарабас ханымды жіберген екен. «Сонда Қарабас ханым айтты дейді: – Мынау отырған Қазыбек ұйықтағанда екі қолын екі жаққа, екі аяғын екі жаққа жіберіп, керген төсектей жатады екен. Оның мәнісі, дүниенің төрт бұрышын тірей туған ұлмын дегені. Қара бақайына дейін құт екен, өлгенде, аруланған жерін басып өткен ел бай болар!» – деп жазады Мәшһүр Жүсіп атамыз. Ендеше осындай қасиетті жерді неге елемей қалдырамыз. Әрине, бұл жер мүлде ұмыт қалған емес. Бұқар жырау ауданы мен Қарағандыда жүрген баба ұрпақтары сол Далба тауындағы бабаның бақилық болып, төрт ай аманатқа сақталған киелі мекенге жыл сайын барып тұрады. Бүгінгі күнге сақталған, жерге қадалған екі тас темір шарбақпен қоршалып, 1764 жылы осы жерде аманатқа қойылғаны туралы ескерткіш тас орнатылған. Бұл 2000 жылы болған шаруа. Сол кезде Бұқар жырау ауданында әкім болып тұрған Тілеубек Зейнешов ағамыз осы өңірде жүрген баба ұрпақтарын ұйымдастырып аталмыш істі атқарған. Содан бері шілде айының ішінде осы қасиетті мекенге барып зиярат ету үрдісі жалғасып келеді.

Жоғарыдағы мақала аторы Жұмажан бауырымыз осы аманат тас­тың үстіне қос киіз үй пішінді кесене салсақ деген ұсыныс айтады. Себебі, кезінде осы жерге аруақты атамыз аманат етілгенде баласы Бекболат қос киіз үй тіккізген екен. Сонымен қоса, кесененің қос босағасына екі мүсін орнатып, біріне Бекболат, екіншісіне Бекімшайқы деп жазсақ дейді. Бекболат боса болмаса бабаны Түркістанға жеткізіп, жерлеп, басына құлпытас ортанып, шырақшы тағайындап кеткен ғой. Сол шырақшы және оның кейінгі ұрпақтары Кеңес өкіметі орнағанша отырыпты дейді. Бүгінде сол шырақшының қазіргі ұрпақтары Кентау қаласында тұрады деп естиміз. Алла нәсіп етсе сол адамдарды да табатын күнде туар. Ал Бегімшайқы Қаздауысты Қазыбек бимен бірге Түркістаннан Арқаға еріп келіп, ғұмыр бойы серік болған, жаназасын шығарған, бас би Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленгенде қоса барып, сонда қайтыс болып, жерленген әулие. Әзірет Сұлтанда жерленген батыр-билердің тізімінде Бегімшайқы бабадан кейін тұр. Оны Бегмысық әулие атандырған да сол төбе бидің өзі болатын.

Жұмажан бауырымыз айтады: «Ішінде ешкім жатпаса да, мазар тұр­ғызып, құрмет көрсету қазақ салтында бұрыннан бар. Тіпті, кейінгі кездің өзінде жатқан жері Арқада болса да, Оңтүстікте Қарасай батырға, Арқа төсінде атақты Қаракерей Қабанбай батырға тұрғызылған мазарларды айтсақ та болады. Бұл жерде бабаның сүйегі төрт ай сақталған, рухы қалған». Ендеше осы аманат тастың үстіне мазар орнатсақ, қасына шағын мешіт пен тілеухана тұрғызсақ, зиярат етушілерді әкелуге көлік бөліп, маршрут жасаса нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне осы жерден 40-50 шақырым жердегі Мәшһүр Жүсіп пен 10-15 шақырым тұрған Бұқар жырау әулиелердің басына да баруға болады. Айтпақшы, осы аманат тас тұрған орыннан 7 шақырым жерде әйгілі Жаяу Мұсаның зираты бар. Оған да зиярат етушілер табылар еді.

Оның үстіне бұл маршрут ішкі туризмді дамытуға үлес болмақ. Елбасы Н.Назарбаевтың биыл жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасауға тапсырма берді. Олай болса Далба тауындағы Қаздауысты Қазыбек бидің мәйіті төрт ай сақталған орын осы киелі жерлердің қатарына қосылады деп сенеміз. Осылайша Елбасының ішкі мәдени туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға үлес қосар едік. Осындай қасиетті мұраларды көрсетіп, насихаттау арқылы жастарға патриоттық тәрбие берер едік. Бұрын киелі орындар туралы ашық айта алмай келдік, енді Президент өзі жолымызды ашып, ұлттық құндылықты сақтауға жөн сілтеп отыр. Елбасының өзі ата-бабадан қалған қасиетті жерлерді, олар басып өткен, өмір сүрген, қайтыс болған орындарды түгендеп, жастарға мұра етіп қалдыр деп отыр ғой.

Әрине, жолы мен ешқандай инфрақұрылымы жоқ ен далада кесене салу оңай емес екенін түсінеміз. Ол үшін Шалқар ауылынан 15 шақырым көтерме жол керек, күншығыста 5-6 шақырым жерде тұрған Мұрынталды ауылынан электр жарығын тартуға болар еді. Бірақ, бұл жер мемлекеттің қорғауындағы қорық болғандықтан құрылыс жүргізу үшін үкіметтің рұқсаты, қаулысы керек. Оған қол жеткізу үшін облыс басшыларының, Мәжіліс депутаттарының көмегі қажет. Бұл бір-екі жылда бітетін шаруа емес. Әрі көп қаражатты керек етеді. Осыған орай айтайын дегеніміз, бабаның 350 жылдығына құрылған «Балқантау» қайырымдылық қорының жұмысын той өткен соң да тоқтатпай, осы баба кесенесін тұрғызуға қаражат жинауға болар еді. Боса болмаса үкімет тарапынан да қаржылай көмек керек. Осылай көптеп-көмектеп баба алдындағы міндетімізді орындар едік. Жұмажан ініміз ардақтап атамыз жамбасы тиген жерге осылайша мазар тұрғызу ұсынысын жасап, мақаланың соңында: «Бұл тілек маған келген Қазыбек бабамның ұрпағыма жеткіз деген аманаты еді. Сол аманаттан арылайын деген ниетпен орталарыңызға ой тас­тадым», – дейді.

Ал, қасиетті жерлерге зиярат етіп барушыларға аталардан аманат түсетінін Түркістанда болғандар біледі. Шамасы бабамыз «менің рухым қалған жер ашық жатпасын» деген болуы керек. Айтпақшы, жаңағы бұлақтың қасында кезінде үстіне киіз үй тігіліп, бабаны бұлақ суымен жуындырып, тәрбиелеген «ару тас» тұр. Ол қолдан жасалмаған, табиғи сандық тас.

Қорыта айтқанда, дала данышпаны, кемеңгер би, ұлт мақтанышы Қаздауысты Қазыбек бидің өмірден озғанында жамбасы тиіп, төрт ай сақталған қасиетті орынға, Далба тауындағы жоғарыда біз айтқан жерге мазар орнату ұсынысын жасап отыр­мыз. Ол кейінгілердің зиярат етуіне қажет. Бабалар басына зиярат жасау арқылы оларды халық не үшін ұмытпай, құрмет ететінін жастар білетін болады. Тіпті, сол арқылы елін-жерін, тілі мен дінін сыйлауды, керек кезінде Отанды қалай қорғауды үйренеді. Президенттің сөзімен айтқанда, ұлттық құндылықтар арқылы кез келген рухани жұтаудан аман қаламыз. Ал, бабаның рухы қалған жер киелі емес, құндылық емес деп кім айта алады? Дана бидің 350 жылдық тойы да лайықты өтеді деп сенеміз, оған күмән жоқ. Алайда, одан кейін де баба аманатын орындау үшін біздерді қыруар жұмыс күтіп тұрғаны анық.

 

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті

журналисі,

бабаның ұрпағы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button