Бас тақырып

Бабаларым, рахмет сендерге!

Ұлттың қадір-қасиетін арттыратын мерекелер болады. Алғыс айту күні – солардың қатарында. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы құттықтауында осыны айшықтады. Құттықтауында «Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі. Алғыс айту күні қиын-қыс­тау замандарда да мейірімділік пен жанашырлық таныта білген, әрі бірлігін бекем еткен халқымыздың ізгі қасиеттерін жадымызда жаңғыртады» деп еді. Алып-қосар жоқ. Біздіңше, дөп сөз!

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Жер бетінде тағдыр талқысына тап болып, тамырынан ажырап қала жаздаған қаншама қасіретті ұлт бар. Тамырынан ажырап, қаңбақтай қаңғып кеткен, жоғалып кеткендері де аз емес. Қазақ аман қалды! Өзінің айтатын «Ғайып ерен, қырық шілтені» шығар?! Әйтпесе, көрмегені жоқ. Жаратқанға алғыс! Аса мейірімді Жаратушы таршылықта да кеңдігінен танбаған, «Жаным – арымның садағасы» деген ұлттың отын өшірмеді. Осылайша, жерде әділдік пен махаббаттың барын көрсетті емес пе?! Қасіретті XX ғасырда (ойлап отырсаңыз, қасірет көрмеген ғасырымыз аз екен) өзегі талып дала кезген, итжеккенге айдалған жұртымыз мыңдаған бейбақтың өмірін сақтап қалды. Құшағын ашты. Сол кең, жылы құшақта өмірге қайта келді. Бұл күнде осы топырақта қалған өзге этнос өкілдері дархан қазаққа алғыс айтады.

Тау халқының маңдайы жарқыраған перзенті, жауырыны жерге тимеген аралас жекпе-жек чемпионы Хабиб Нурмагомедов дегенді танитын шығарсыздар… Міне, сол жауынгер халықаралық ареналарда қазақ халқына талай алғысын жау­дырды. Тебіреніп, толғанып сөйледі. «Қазақ – бауырым!» деді. Бұны жұлдызы жарқырап, миллиондаған жанкүйерге әр сөзін бақтырған өзге де спортшылары айтты. Қазақтың осы бір ұлы қасиетін жаһан жұрты біліп, естіп отыр. Тіпті, жеребе арқылы өзіне қарсылас атанған қазақпен төбелесуден бас тартқандары да бар. Осыны естіген ел таңдай қаққан. Шешенстан Президенті Рамзан Кадыровтың да «Аталарым пейілі кең қазақ жұртының арқасында аман қалды. Біз қазақ халқына қарыздармыз. Басымызды иіп, алғыс айтамыз!» деп ағынан жарылғанын да естідік. Баласының жақсы екенін есту – әкеге қандай мақтаныш сыйласа, балаға да солай. «Жақсыдан қалған тұяқ» деп арқаңнан қақса, қалай марқаймайсың?! Қайран бабам, әлем жақсылығыңды ұмытпапты! Өз елінің даңқын аспандатқан әлгіндей ерлердің жан түпкірінен шыққан алғыстарын естігенде, көңіл босап, еріксіз тебіренесің…

Алжирдегі әйелдердің бір уыс құртпен жан бағып қалғанын да жаһан жұрты біледі. Бір уыс құрт – кеудесінен жұлып алып, қасіретке малтып, дәм-тұзы таусылуға жақын қалған адамзат баласына берген қазақтың өз жүрегі секілді. «…Бірде қыстың таңында біз Жалаңашкөлден қамыс будаларын арқалап келе жаттық. Жолда жұтаң киінген жергілікті адамдар кезікті. Қастарында балалары бар. Үлкендер бізді көрген соң сәбилерге қарап бірдеңе айтқаны мұң екен, балалар бізге қарай тас лақтыра бастады. Айдауылдар «Сендерді Мәскеуде ғана емес, адамзат баласы жек көретінін байқадыңдар ма?»  деп қарқылдап кеп күлсін. Тұтқын әйелдер «Бұлардың балаларға берген тәрбиесі осы ма?» деп налыды. Мен әлгі тастардың біріне сүрініп құлап, дәл алдымда жатқан тастан сүт пен ірімшіктің иісін сезгендей болдым. Шетінен тістеп көрсем дәмі тіл үйіреді екен. Сөйтіп, тастарды теріп алып баракқа алып келдім. Барактағы қазақ әйелдері оның тас емес, кептірілген құрт екенін түсіндірді». Бұл – Алжир тұтқыны Гертруда Платайстың естелігі.

…Ең  қымбат тас осы шығар әлемде,
Ең асыл  ас осы шығар әлемде?!
Гертруданың жазып кеткен жолдарын,
Өнеге ғып айту керек бар елге!
Басын исін  төске басып қолдарын –
Қазақстан деген жұрттан сәлем де! – деп жырлады Ғалым Жайлыбай өзінің «Қара орамал» поэмасында! «Ең қымбат тас, ең асыл ас»! Әлгі естелік те – поэманың эпиграфы.

Жез тырнақты мыстан һәм тажал заманда да адамдықтың биігінен түспеген ата-бабамызға алғыс! Сол тұғырдан жас ұрпақ та түспегей…

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button