АймақБұқар жырау

Бабалар басындағы белгітастар

Бұқар жырау ауданында ел мен жер тарихын танып-білу,оны жас ұрпақ санасына жеткізу мақсатында “Он бір бағыттағы – он бір қадам” туристік сапары ұйымдастырылды.

Суреттерді түсірген Жанұзақ Макишев

Бұл сапар аудандағы “Руханият” ҚББО-ЮНЕСКО клубының оқытушысы, суретші, мүсінші, аудандық мәслихаттың депутаты Амантай Нұртайұлы Ақышевтің бастамасымен қолға алынып, оған аудандық әкімдік пен мәслихат, жергілікті әкімдер қолдау көрсетіп, мектеп оқушылары қатысты.

Аудан орталығы Ботақара кентінде тұрғызылған Бұқар жырау ескерткіші алдында жиналып, МАИ қызметкерлерінің жолбасшылығымен жеті көлікке мініп, жолға шыққан туристер әуелі Байкүшік бұлағына аялдады. Амантай бауырымыз ел ішінде киелі саналатын бұл бұлақтың басына да 2020 жылы өзі ұтып алған “Асыл мұра” жобасы аясында тастан белгі қойған екен.Осы жобаны іске асыру барысында ол өңірдегі тарихи орындарға 40 белгітас орнатыпты.Оның суреті мен жазуын да өзі қашап,жазған.


Одан әрі біз Ақжар аулынан алыс емес Жыржыс қажы ашқан медресенің орнына барып,тәу еттік. Бұл жер де темір шарбақпен қоршалған және белгітасы да тұр. Бұл Бұқар жырау ауданында ескіше ашылған тұңғыш білім ошағы болып табылады. Сәл төменде 1929 жылы кеңестік белсенділер тұтқындап,айдап әкетіп бара жатқанда көз жұмған қажының өзі жерленген.Бәріміз болып оның бейітіне зиярат жасап, дұға бағыштадық.
Келесі кезекте Семізбұғы тауының бөктеріндегі көл жағасындағы төбеде Қызыл сұңқар ақын Сәкен Сейфуллин белгітасының ашылу салтанаты болды.Бұл да аймақтағы қасиетті бір орынға жатады.Өйткені Сәкен ағамыз Омбыдағы Колчактың түрмесінен қашып,осындағы Балабай аулында тұратын нағашыларын үш ай паналаған ғой. Оның “Тау ішінде”, “Біздің жақта” деген әндері сол жылдары туып,тоғайы,көлі,бұлағы ақын атын алған.Кезінде ол туралы газетімізде жазғанбыз да.

Амантай бауырымыз қашап,орнатқан осы белгітастың ашылу салтанатында сөйлеген аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әли кешегі кеңестік заманда тарихымызды толық түгендеп, біле алмағанымызды тілге тиек етіп, енді егемендік алғалы ел-жер тарихын тануға жол ашылып, оны өскелең ұрпақтың біліп, жадына тоқуы тиіс екенін айтты.Бұдан кейін сөз алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің оқытушысы, өлкетанушы Ернар Кейкин мен ауданның Құрметті азаматы Мүгілсім Шибаева да келешек жастарымызды отансүйгіштік пен патриоттық рухта тәрбиелеуде бұл шараның өте маңыздылығын атап өтті. Соның құрметіне Мүгілсім апайымыз шашу шашып, Амантайдай азаматқа бешпент кигізіп, жергілікті әнші, сазгер Қалиасқар Шыныбектегі өзінің “Семізбұғым” әнін орындады.
Барып, көрген адамға сулы, нулы бұл маң нағыз демалып, тынығуға таптырмайтын жер деуге болады.
Бұдан кейін сапарлаушы топ Далба тауының етегінде мәңгілікке тыным тапқан көмекей әулие Бұқар жырау бабамыздың кесенесіне бет алды. Бірақ 1993 жылы Ұлы жыраудың туғанына 325 жыл толған тойының алдында салынып,асфальтталған жолдың тамтығы ғана қалыпты.Оның осы мүшкіл жайын осыдан екі жыл бұрын газетімізде көтергенмен,содан бері оған ешкім саусағын тигізбеген. Кесене басына кедір-бұдыр жолмен шоқалақтап әрең жеткен біздің көңілімізге аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әлидің осы жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, қаражаты қарастырылып жатқанын айтқаны әзірге медеу болғандай.
Бұқарекеңнің күмбезді кесенесінің шырақшысы Әлихан баба аруағына дұға бағыштаған соң сондағы мұражай жәдігерлерімен танысып,Керней ауылдық округінің әкімі Ерхан Есентаевтің әулеті атынан сойған қойының етінен дәм татып,Үміткер ауылдық округіне аттандық.
Біз барған бұл Үміткер аулының сыртында Қаз дауысты Қазыбек бидің немересі Тіленші мен шөбересі Алшынбай билердің жерленген орны бар.Аталас туыстары 1992 жылы оны қоршап,құлпытастарын қойып,ас бергенінің ішінде болып,ол жөнінде газетімізде мақала жариялаған болатынбыз.
Қайтар жолымызда Құрама, Жастілек, Ақбел ауылдары аралығында жатқан Нарбота жазығындағы қазақ-қалмақ соғысы дәуірінде қалмақ қызы Шешенбикеге ғашық болып,қапыда қаза тапқан есіл ерге қойылған белгітасқа соқтық.Қазірде Ботақара,Шешенқара таулары осы екі ғашықтың есімдерімен аталатынын да біреу білсе,біреу білмейді.Туристік топ құрамындағы оқушылар да бұл жайтқа осы жерде қанықты.
Сапарымыздың соңында Жаңақала аулының жанында 1932 жылғы ашаршылық құрбандарына арналған белгітасқа да тағзым етіп, аруақтарға дұға бағыштадық. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл қорымға сонау Баянауылдан шығып,Қарағандыға жаяу-жалпылап бет түзеп,жолда аштан өлген алпыс шақты адамның беті жасырылған көрінеді.Келешекте оны мал аяғына бастырмай, қоршап қойса, жақсы болар еді.
Сонымен Бұқар жырау ауданының киелі жерлеріне туристік сапарымыз сәтті және мазмұнды болып,топ құрамына кірген оқушылар туған жер тарихы туралы өздері үшін мол мағлұмат алды.

Ержан Имаш,
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button