Қаздауысты Қазыбек бидің туғанына - 350 жылҚарағанды

Баба тойы бұқараға ортақ

Қазақ елі өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын жеңіп, әлемге танылды. Еліміздің осындай биіктерді бағындыруына қазақтың ұлы тұлғалары сүбелі үлес қосты. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақтың танылуына, бостандық пен еркіндіктің бастауында – қазақ халқына әйгілі билеріміздің алатын орны ерекше болған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамның саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени өміріне жаңа бір серпін беріп, рухани дүниемізге жылы леп келгендей болды. Соңғы кездерде рухани жаңғыру тақырыбында бұқаралық ақпарат беттерінде айтылып жатқан парасатты пікірлер мәдениет пен өркениет әлеміне нық бетбұрыс жасауға зор ықпал етуде. Бабалар рухын асқақтату мәселесі биылғы Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.  Ұлыны ұлықтау – ұлт мерейі, ұрпақ парызы мен намысы, ата-баба дәстүрі екенін естен шығармайтын қазақ халқы үшін биыл үлкен бір сындарлы жыл болып табылады.  Дала данышпаны, тарихи ірі тұлға, саясаткер, дүйім жұртты аузына қаратқан шешен – Қаздауысты Қазыбек бидің бұл мерейтойы бүкіл қазақ баласына ортақ, тарихты бірге жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа қазақ даласының би-шешендері туралы ақпарат беріп,  бабамыздың даналығы мен ұлылығын дәріптейтін сауапты да жауапты іс. Дала данышпаны деген атаққа ие болған, орта жүздің бас биі болған Қазыбек Келдібекұлының мерейтойы Қарағанды облысында тойланаты­ны белгілі. Сарыарқа жұрты бабаның туған жерінде дүркіреп өте­тін тойға елеңдеп, құлақ түріп отыр.

Аласапыран ауыр заманда туған елі мен қасиетті жерін дұшпандардан қызыл тілдің кү­шімен де, ақ найзаның ұшымен де қызғыштай қорғаған,   елінің ер­кіндігі, ұлтының тәуелсіздігі, аза­матының азаттығы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей ат үстінде күн кешті. Қаздауысты Қазыбек туралы ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер арқылы оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерін, рәміздерін, ата жолы заңдарын жетік меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын білеміз. Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшесі ретінде түрлі ел арасындағы дауларды шешуге атсалысқан. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбек биді Орта жүздің Бас биі еткен. Би, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған, сондай-ақ, қазақтың алғашқы заңы Жеті жарғыны құрастыру­шылардың бірі болған.

Кемеңгер бабаның ұлт пен ұрпақ алдында атқарған орасан зор еңбегі мен шешендік мұрасы еш нәрсемен өлшенбейтін, бағасы жоқ байлық. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманындағы қиын-қыстау кезеңде туған халқын алапат қырғыннан аман алып қалған баһадүр бабаларымыздың ерен ерлігі Мәңгілік Ел шежіресіне алтын әріптермен жазылған. Солардың бірегейі, бүкіл саналы ғұмырын ел шетінде, жау бетінде өткізген Қазыбек би бабамыздың  қазақ  халқының үлгі тұтар дана тұлғасы, ұлт мақтанышы екендігін естен шығармай, мерейтойымен ұлықтап, патриоттық тәрбиенің өзегіне айналдыру біздің басты парызымыз. Осыған орай қалалық  кітапханаларда да  «Туған жер» жобасы аясында мерейтойлық мәдени-әдеби іс-шаралар өткізіліп жатыр.  Ондағы мақсат – Қаздауысты Қазыбек бидің  өмірі мен өскен ортасынан мол мағлұмат беру, тарихи тұлғасын дәріптеу, рухани мол мұрасы – шешендік өнерді насихаттау арқылы, өскелең ұрпақты адамгершілікке, білімділікке, жақсы қасиеттерге тәрбиелеу болып табылады.

 Г.ҚараҒонысова,                         

«Қарағанды қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ директоры.

 ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button