Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде киіз үй макеті жасалды
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде «Наурызнама» тұжырымдамасының онкүндігі аясында «Шаңырақ» күніне арналған қалалық «Ұлт мұрасы – киіз үй» атты киіз үй макетін жасау бойынша қолөнер шеберлерінің байқауы өтті.

Жаңа Майқұдық мәдениет үйі директорының орынбасары Амангелді Ахметжанов байқаудың мақсатына тоқталды.
– Байқаудың мақсаты – қазақ халқының ұлттық мұрасы болып саналатын киіз үйдің тарихи және мәдени маңызын насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, қолөнер дәстүрін дамыту және шығармашылық қабілеттерін қолдау. Осы байқау арқылы біз ұлттық құндылықтарды насихаттаймыз. Киіз үй – әлемдік өркениеттердің алдыңғы қатарында болған көшпенділер өркениетінің символы. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында мұндай байқаулар жас ұрпақ үшін маңызды, – деді Амангелді Ахметжанов.
Аталған байқауға Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданының мектеп оқушылары қатысып, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Қатысушылар ұлттық нақышта безендірілген киіз үй макеттерін ұсынып, қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеді.
Байқау қорытындысы бойынша І орын № 36 жалпы білім беретін мектептің «Ұлы дала ұрпақтары» командасына, ІІ орын Ботақара кентіндегі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінің «Тұмар» командасына, ІІІ орын «Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектептің «Жас сұңқар» командасына бұйырды.
«Көрермен көзайымы» номинациясын №22 мектеп-интернатының «Жас қырандар» командасы және Талғат Бигелдинов атындағы жалпы білім беретін мектептің «Жас қырандар» командасы иеленді.
Барлық жүлдегерлер мен номинация иегерлеріне диплом мен ақшалай сертификаттар, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Қазылар алқасы байқауға ұсынылған жұмыстарды, шығармашылық деңгейі, жұмыстың көркемдік безендірілуі және ұлттық нақыштың сақталуы бағыттары бойынша бағалады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



