Баба би мен бала би
Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді.
Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.
– Балам, мынаны сындырып көрші? Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?
Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба! Бұл мысалы ңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.