Баба бейнесі: аңыздан – ақиқатқа
Дала данышпаны Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойының дүбірі басылар емес. Балқантаудан бастау алған той дүбірі тұтас Түркі дүниесінің рухани астанасы Түркістанда жалғасып, әрісі Өзбекстан еліне дейін жетті. Баба тойы «ас ішіп, аяқ босатып» немесе ат шаптырып, көкпар тартумен шектелмей, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуды көздеген мақсаты мен мазмұнды бағдарламасы арқылы тарихи мәнге ие болып отыр. Мәселен, мерейтой қарсаңында жарық көрген «Қаздауысты Қазыбек би» атты қос томдық жинақ та – «той атымен тігілген тонның» ең маңыздысы.
Кемеңгер баба тойын кемелдендірген тарихи жинақ қолымызға тиді. Айтары жоқ, көзайым болып жатырмыз.
Қазыбек бабаның кітап болып төрімізге озып, сөремізді толықтырғаны бірінші рет емес. Бұған дейін де зерттеліп, зерделенген. Сөз зергерлері баба бейнесін көркем туынды кейіпкеріне айналдырып, ғалымдар данагөйдің өмірі мен қызметі туралы қолда бар деректерді ғылыми айналымға түсіріп келген-ді. Алайда, тұлғасы – шыңға, мұрасы – мұхитқа баланатын дала дарабозының данышпандығын өз деңгейінде дәріптелмей келгендігі де ақиқат еді. Қазыбектанудағы осы бір олқылықтың орнын толтырып отыр қолымыздағы қос томдық.
Біз қасиетті Қазыбек баба туралы не білетін едік? Иә, біршама білетініміз бар. Ұлы Даланы мекен еткен қазақ халқының кемеңгер үш биінің бірі һәм бірегейі екендігін білдік. Мақтандық. Әз Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» заңдар жинағының жасауға қатысқанын, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында Қазақ мемлекеттігін нығайтуға, көршілес Қытай, Ресей елдерімен достық қарым-қатынастың қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген тарихи тұлға екендігін білетінбіз. Ұлтымыздың ұлы мұраттары жолындағы телегей-теңіз еңбегін қал-қадірімізше бағалап, ұлы тұлғаны дала дипломатиясының дарабозына балап келдік.
Айтқандай-ақ, Қазыбек бабаның қалмақ қоңтайшысына айтқан «Біз – қазақ деген мал баққан елміз» деп басталатын тарихи сөзін жатқа білетін едік. Жатқа біліп қана қоймай, дала ділмәрінің бұл сөзін Қазыбек би Келдібекұлының көмейінен төгіле салған шешендік сөз деп қана бағаламай, қазақ халқының сол замандағы қайрат-жігерін танытқан саяси тұжырым екенін де түйсініп жүрдік.
Аз ба, көп пе, Қаздауысты Қазыбек би жайлы білетініміз осы болған. Үш жарым ғасыр бойы ұрпақтары жерге көміп, шөмелеге жасырып сақтаған алтын зерлі шапанын кие тұттық. Ол шапанға тіл бітпеді. Тіл бітсе, қайран бабаның қайраткерлігі мен данышпандығын сол жәдігер айтар еді. Баба абыройына қазақы қызғанышпен туғаны қастандық жасағысы келіп, ағайыны алыстаған сәтте кемеңгердің жаны мен тәніне ең жақын болған сол шапан екенін білдік пе?! Қалай болғанда да, баба жайлы білгенімізден білмегеніміз көп еді-ау…
Жинаққа жазған алғы сөзінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов: «…Бүгінгі таңда біржақты бағаланып келген тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңаша парақтап, тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен қызметіне шынайы баға беру мүмкіндігі туды. Бұл – тәу етер Тәуелсіздігіміздің игілігі. Яғни, Қаздауысты Қазыбек би сынды ұлы тұлғаларымыздың даңқы Тәуелсіздікпен бірге асқақтап тұр. Дегенмен, төл тарихымыздың беттерінде Қазыбек би бабамыз өмір сүрген дәуір тынысы мен оның өмірдерегіне қатысты қарама-қайшы болжамдар мен аңызға жақын деректер басым екенін жасыра алмаймыз.
Қолымыздағы қос томдық еңбек сол олқылықтардың орнын толтыруды мақсат етеді. Яғни, қазақ руханияты тағы бір толымды жинақпен толығып отыр. Біз бұл еңбекті қазыбектану ғылымындағы елеулі ізденіс деп бағалауымыз керек» деген екен.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қамтылған міндеттер мен бастамалар негізінде қолға алынып, қысқа мерзімде дайын болған бұл жинақтың маңыздылығын емеурін етіп тұр аймақ басшысы. Иә, олқылықтың орнын толтыруға бетбұрыс жасалды. Ең бастысы, Қаздауысты Қазыбек би тұлғасы аңыздан ақиқатқа жақындады.
Біз бұл жинақ арқылы Қазыбек баба туралы жалпылама сөйлеп, көпіре көлгірсуден арылатынымызға көз жеткізіп отырмыз. Өйткені, данагөйдің өмірі мен заманы, қайраткерлік қажыры бүгінгі ұрпаққа мұрағат тілінде сыр шертіп отыр. Нақты деректер мен мұрағат құжаттары негізінде тың тұжырым жасалған барынша құнды ғылыми еңбектер топтастырылған бұл жинақта. Бабамыздың қытай қыр көрсетіп, орысқа ой салған хаттары бар. Мұндай құнды деректерді өзек еткен ғылыми еңбектер қатарында баба ұрпағы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Зарқын Тайшыбайдың, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжановтың, белгілі тарихшы, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі директорының орынбасары Темірғали Аршабековтің, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдінің, тарихшы Ерғазы Төлеудің мақалаларын атауға болады.
Әсіресе, Зарқын Тайшыбай мен Темірғали Аршабековтің Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен деректерді төл тілімізде сөйлете отырып, Қазыбек бабаның дипломатиялық қыры мен қайраткерлік тұлғасын ашудағы тындырымды ізденісі жинақ мазмұнын арттырып тұр.
Қос томдықтың екінші кітабы – тарихшы жерлесіміз, белгілі қазыбектанушы Жамбыл Артықбаевтың еңбегі. Бұл еңбектің алғашқы нұсқасы 2000 жылы жарық көрген. Жаңартылып, толықтырылған нұсқасы мемлекет тұтастығына кепіл болған билер институтының тарихи маңызы туралы тым тереңнен сыр шертеді. Автор Ұлы Даладағы билер құрылымының бірнеше мыңжылдық тарихына шолу жасап, көне дәуірдегі Майқы, Қоғам, Қотан билерден бастап, XVIII ғасырдағы Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге дейінгі дәуір тынысы нақты деректер негізінде сөйлейді. «Толықтырылған нұсқасы» дегенге көлемін ұлғайту үшін күл-көмешті мол төгіп, су құя салған дүние екен деп қалсаңыз, шатасасыз. Ғалым өзінің 17 жылғы ізденісінің жемісімен алғашқы нұсқаның мазмұнын байыта түскен.
Қолыңыздағы қос томдықтың жарық көруіне Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы (басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова) мұрындық болғанын айрықша атап өткеніміз абзал. Гүлнарайым Хасенқызының ұйытқы болуымен мерейлі жылдың сәуір айында «Ұлттық руханият және Қаздауысты Қазыбек би мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткені естеріңізде болар. Баба мұрасына деген жаңа көзқарас, тың ғылыми тұжырым сол жиында ұшқын атып, бұл қос томдықты жарыққа шығару идеясы сол сәтте туындаған еді.
Ұрпақ парызы өтелді. Арқа төсіндегі баба аманатына адал перзенттер ұлы тұлға рухы алдындағы парызды парасатпен өтеді. Ұзағынан сүйіндіргей!
Ерсін МҰСАБЕК