Бақыттың формуласы бар ма?
Бақыт деген не өзі? Белгісіз. Бұл күнде қолданыстан шығуға айналған бұл сөзге анықтама беру – қиынның қиыны.
Бақытты балалық шақ деп анықтама беріп қойған бала күнде нені аңсадық? Артқы партада отырып, бұрымымыздан тартқан ұлды мұғалімге айтып, сынып алдында бір ұялтсақ – ол да бір бақыт болатын. Әй, дегенмен, балаң көңілді қойсаңшы. Тарта түссе екен деп, бұрылып қарамасаң да – көңіліңнің қалап отырғаны. Ол да бір бақытты шақ екен.
Кейінде есейіп, бой жетіп, студент атандық. Бала кездегі балаң махаббатты қойып, жүрегіңнің түкпірінде тұнып жатқан сезімді бір толқытып өткен адамның бейнесін бір көріп қалу да бақыт болатын. Ал, шет-шегі жоқ, таусылмайтын әңгіме ше? Ол да бар. Жаның мен жүрегің қоса қалаған адамның жанынан табылу, міне, нағыз бақыт осы болар еді. Бақыт жайлы ойлану да осы кезде көп болды.
Келе-келе өмір ағымына жұтылып, бақыт жайлы ойлар да азая береді. Қалаған жұмысың, жаныңда жарың, балдай тәтті балапаның бар. Мүмкін, шын бақыт осы кезден басталар…
Бақытты тізбектей берсе, түбіне жету мүмкін емес. Бұл – ең бастылары ғана. Шын бақытқа бөлену үшін оның әр кезеңінен өту керек. Төтеп берсең – қалғаның, шыдамсыздық танытсаң – жардан құлап кеткенің. Салмағы ауыр жүкті көтеру – жел шайқаса иілгіштігінің арқасында сынбай қалатын қайың тәрізді жаны нәзік әйелдің қолынан ғана келмек…
Шет ауданының тумасы, әйгілі айтыскер ақын Маясар Жапақтың отбасында дүниеге келген Бану Әбдіпазылқызы осындай жанның бірі. Әкесі соғыстан оралмай, атасының тәрбиесін көрген.
Қарағанды қаласындағы мектеп-интернатты бітірген соң Қарағанды медициналық институтына түседі. Соңғы курста жүргенде Егіндібұлақтың тумасы Суният ағамызбен шаңырақ көтерген. Екеуі қол ұстасып, Бануды қызметке жіберген Абай атындағы совхоздың ауруханасына қызметке келеді. Ал, совхозда біраз жыл қызмет жасап, өзінің біліктілігімен көрінген жас маманды аудандық ауруханаға ауыстырады. Негізгі міндетімен қатар ауданның саяси өміріне белсене араласып, өзін көрсете білген Бану 1973 жылы аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып сайланады.
Бұл – Банудың бақытының тасыған шағы еді. «Адам бол» деген өсиет еткен ата үмітін ақтап, қызметте де беделге ие болды. Ауданның мәдени және экономикалық өміріне үлес қосқан, қуанышын бірге қуанып, қайғы-мұңын бірге көтеріп жүрген оны елі келіні емес, қызындай көрді. Ол да бір бақыт.
Бану талай ұл мен қыздың да кіндік шешесі. Шалғайдағы шопан, бақташылардың шақыртуларына қарамай, күй талғамастан атшанамен де, трактормен де шығып, ана мен бала өміріне араша болды. Кіндігін өзі кескен балалары алдынан кездесіп, алғыспен қолын алғанда бақыттан төбесінің көкке бір елі жетпей қалатыны бар. Бұл да бақыттың бір белесі.
Ең үлкен бақыты отбасында Банудың! Неше жыл сөзге келместен күтіп-баққан енесін өз қолымен арулап, ақтық сапарға шығарып салды. Суният ағамыздың да еркелігін көтеріп, отанасы ретінде келімді-кетімді қонақтарын да мол дастарқанмен қарсы алып, күтіммен шығарып салатын.
Жолдасы өмірден озғанда да жауапкершілікті жалғыз көтеріп, балаларының жоғары білім алуына жағдай жасады. Әр қайсысын бір бір үй етіп шығарып, бұл күні немерелері мен шөберелерінің ақылшысы, тілеуқор панасы. Сексен жасқа келген Бануды бақыттың шыңына жетті десе де болады.
Бақыт оңайлықпен келмейді. Тағдырдың тезіне салынып, төзе білсең ғана бақыттың бетін бері бұрары анық. Нақты анықтамасы, белгілі формуласы да жоқ. Қолда бардың қадірін біліп, барға қанағат ету, пендешілікке ұрынбай, дәл қазір, осы уақытта бақытты екеніңді сезінсең – шын бақыт та осы!
Айтбала ЖАРЫҚҚЫЗЫ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.