Бақыт НҰРЛАНОВА: «ҚЫТАЙЛЫҚ» деп шошымау керек
Қытайлық Sinopharm компаниясының Біріккен Араб Әмірлігінде шығарылған «Hayat-Vax» вакцинасы облыстың барлық өңіріне жеткізілгеніне біраз болды. Ресми деректер бойынша вакцинаның 50 миллион дозасы әлемнің 34 еліне жөнелтілген. Оның ерекшелігі мен айырмашылықтары туралы қаладағы №3 емхананың эпидемиолог дәрігері Бақыт НҰРЛАНОВА айтып берді.
– «Hayat-Vax» вакцинасының артықшылығы неде?
– Қытайлық «Hayat-Vax» вакцинасы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған әлемдегі алтыншы вакцина. Олар оны толығымен зерттеп, қолдануға рұқсат етті. Оның тағы бір ұтымды тұсы – тасымалдау жеңілдігі. Оны қатырып қажет емес. Барлық елдімекендерде ондай жабдықтар болмауы мүмкін. 28 градустық тоңазытқыштар барлық ауылдық жерлерде бар. Біздің қазақстандық «QazVac» вакцинасы да сондай. Тасымалдауға ыңғайлы.
– Ал, құрамы жағынан қандай айырмашылығы бар?
– Компонеттері жағынан ол инактивті вакцина саналады, яғни, өлтірілген. Консерванттарсыз. Әрине, құрамында қосымша заттары бар, бірақ, олар зиянсыз. Жанама әсері аз.
– Созылмалы ауруы бар адамдарға осы вакцинаны салуға кеңес беріп жатқаны сондықтан ба?
– Иә, оны алғаннан кейін температура көтеріліп, екпе салған орны ауруы мүмкін. Басқа әсерлер, асқынулар болмайды. Сол себепті де оны 18 жастан асқан адамдардың барлығына, әсіресе, 60-тас асқан адамдарға салуға болады. Мысалы, мен өзім де зейнеткермін, ептеген ауру-сырқауым бар, осы вакцинаны алдым.
– Қандай әсерін байқадыңыз?
– Екпе салған жері ғана ауырды. Басқа әсері байқалмады. Бұл вакцинаның өзі мамырдың басында ғана келді. Екінші компонентін 15 маусымда аламын. Негізі таңдауым «QazVac» пен «Hayat-Vax»-тың арасында болған. Соңында қытайлық вакцинаны таңдадым. Себебі, оны шығарған Sinopharm компаниясы иммунобиологиялық препараттар мен вакциналарды бұрыннан шығарып келеді.
– Емханадағы егу орталығынан вакцинаның осы түрін алған қанша адам бар бүгінде?
– Бүгінгі таңда 500-ге жуық адам «Hayat-Vax» вакцинасының бірінші компонентін алды. «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін алған кейбір адамдар екінші компонент ретінде «Hayat-Vax»-ты алғысы келеді. Бірақ, ол мүмкін емес деп түсіндіреміз. Бірінші компонент қандай болса, екіншісін де сондай алу керек.
– Жалпы, екпе алушылар вакцинаның қай түрін көбірек таңдайды?
– Бұл әркімнің өз еркіндегі таңдау. Маман ретінде айтқан пікіріме біреу құлақ асады, бірі өз ойын өзгертпейді. «Қытайлық препарат» десең, «шошиды». Мен эпидемиолог ретінде зерттегенімде, Қытай халқы коронавирустың таралуын тежегенін, індетті жеңгенін білемін. Қазір онда ауыратындар бірен-саран. Олар індетке қарсы мәжбүрлі түрде вакцина салдырды. Ал, бізде ерікті түрде жүргізіледі. Шетелге шығатындар жиі келеді. Мысалы, Ресейде көптеген қазақстандықтардың туысы бар, оларға бару үшін шекарада ПТР тест сұрайды. Вакцинадан кейін құжат береді. Ал, кейбірі жақындары аурғаннан кейін алады.
– Емхананың егу орталығында вакцинадан тапшылық жоқ па?
– Қазір «Спутник V» мен «QazVac» вакциналарының екінші компоненттері бар. «Hayat-Vax» вакцинасының екі компоненті де жеткілікті. Жақында олардың бірінші компоненттері келеді деп күтіп отырмыз. Вакцинаны барлығы сияқты біз де ортақ дестрибьютерден аламыз.
– «Hayat-Vax» вакцинасы беретін иммунитеті қанша уақытқа жеткілікті?
– Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша «Hayat-Vax» вакцинасының нәтижесінде 79,3% иммунитет қалыптасады. Ол 1 жылға жетеді. Барлық вакцинаның әсері бір жылға беріледі. Тұмаудың екпесі сияқты мұны да 1 жылдан кейін қайта алуымыз мүмкін. Себебі, барлық вирустық инфекцияларға қарсы маусымына қарай жыл сайын екпе салып отырады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.