«Бақыт деген – сенің бала күндерің»
Жаздың үш айында алаңсыз асыр салып демалғысы келетін балалар лагерьге асығады. Оқу жылы аяқталғанда балаларын түрлі демалыс орындарына жібергісі келетін ата-аналар да көбейеді. Облыста балалардың биылғы жазғы демалысын ұйымдастыруда 423 мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастады. Онда 160 мыңға жуық оқушы демалады деп жоспарланған.
Қарағандылықтардың басым бөлігі демалысын №2 Оқушылар сарайында өткізуде. Жазғы демалыстың қызықты сәттерін Ақтоғай ауданындағы киіз үйдегі лагерьден және Теміртау жоғары политехникалық колледжі базасындағы «жазғы лагерьден» тамашаладық.
Балалар лагеріне бақылау бар
Қарағандыдағы мектеп жанынан ашылған лагерьлер жаз айларында үйірмелерге жазылған балалар үшін робототехника, шахмат, тігін, STEM, IT, музыкалық шығармашылық және математикалық есептер шығару үйірмелері қызықты бағдарламалар ұсынуда. Өткен жазда балалар үстел үсті ойындарының түрлерін алғаш рет ойнап көріпті. Әсіресе, сергіту ойындары балалардың көңілін көтеретін ерекше демалысына айналған. Олар өздерін түрлі рөлде сынап көргендіктен, жаздық бағдарламаларға деген қызығушылықтары да еселене түскен. Сол уақытта балалар ерекше белсенділік танытқан бағыттың бірі тігін, қолөнер саласы екені байқалыпты. Күн сайын балалар өз қолдарымен бұйымдар жасауда алдарына жан салмаған көрінеді.
Биылғы жазғы лагерьлер де балалар үшін ерекше қызыққа толы болып өтеді деп жоспарланған.
Қауіпсіздік назарға алынып, жасөспірімдердің жай-күйі ерекше бақылауда болмақ. Қазіргі таңда облыстың барлық мамандандырылған мектептері мен инновациялық лицейлерінде жазғы тілдік мектептер мен тілдік курстар, бейіндік лагерьлер жұмысын бастады. Барлық 43 қосымша білім беру ұйымдары бекітілген кестеге сәйкес жазғы кезеңде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерьлер арнайы мектеп-интернаттар балаларды тамақтандырумен қамтылады. Ерекше білім беруге қажеттілігі бар 2 мыңнан астам баланың жазғы демалысын көңілді ұйымдастыру – назарда.
Алдағы уақытта денсаулық сақтау желісі бойынша санаторийлерде және емдеу-сауықтыру кешендерінде – 100 бала, білім беру желісі бойынша мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерьлерде – 2 139 бала демалады.
Сауықтыру қала сыртындағы 8 лагерьде, 1 киіз үйде өтеді. 423 мектеп жанындағы лагерьде балаларды тамақтандыруға мүмкіндігі бар. Қала сыртындағы «Салют», «Жас Қанат», «Березняки», «Орленок», «Алау» лагерьлері санитарлық-эпидемиологиялық тексеруден өткенін де айта кеткен жөн.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қаржыландыратын жазғы демалыс жобасы аясында, ауылдық жерлердегі 838 балаға жаз айларын қызықты өткізуге мүмкіндік берілгені көңілге қуаныш ұялатады. Оқуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, мектеп өміріне белсенді араласқан оқушылар Алматы қаласындағы «Таужанашар» лагерінде демалып қоймай, түрлі олимпиадалар мен конкурстарға белсенді қатысуда.
Сарайдағы театр студиясы және Hi-teach
Қарағандыдағы балалардың басым көпшілігі жазғы демалысын №2 Оқушылар сарайында өткізуде. Биік ғимарат жаз бойы жас ұрпақты білім мен ғылымға, өнер мен спортқа баулымақ.
– Оқушылар сарайында «Жаз – 2024» лагеріне 5-6 жастағы балалар қабылданды. Мамандар жазды қауіпсіз өткізуге ықпал ететін шараларды түсіндіруде. Балалар қазіргі таңда үш топқа бөлініп, үйірмелерге қатысуда. Күн сайын балалардың жазғы уақыттарын тиімді өткізу үшін ата-аналар тарапынан ұсыныстар түседі. Мамандар 2-3 ауысымдарға бөлініп жұмыс істейді. Балалардың Оқушылар сарайындағы жазғы демалысы тегін өтеді, – деді №2 Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова.
Жазғы лагерьде оқушыларды дойбы ойынына дайындайтын Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берікбай Қарымсақұлының айтуынша, дойбы баланың ойлау қабілетін арттырады. Сабырлық пен миды жіті дамытуға бағытталған.
– Қыркүйек айынан бастап 40-60-қа жуық балалар дойбы үйренді. Жазғы лагерьде де үйірмелер тегін болғандықтан, келушілер қатары да көп. Дойбымен қатар, тоғызқұмалақ, шахмат баланы төзімділікке үйретеді. Гаджеттің орнын дойбы алмастырса, бұл – баланың өзіне жақсы. Логикалық ойлауы жақсы бала жаратылыстану бағытындағы пәндерге жүйрік болады, – дейді Берікбай Қарымсақұлы.
Мұғалімдердің айтуынша, қазіргі таңда балаларға тек мектепте білім алумен шектелу аздық етеді. Әсіресе, жазғы демалыста балалардың түрлі салалардағы танымдық қызығушылықтарын дамытуға сұраныс басым. Аймақта бала дарынын дамыту, әлеуетін ашу, қоғамға бейімді болу, шығармашылық бағытта шыңдауда №2 оқушылар сарайы белсенді жұмыс істеп тұр.
Оқушылар сарайындағы тіл, математика-логикалық шығармашылықтан сабақ беретін Гүлбақша Төлегенқызының айтуынша, балаларға жазғы лагерь ерекше әсер қалдыруда.
– Мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы басталғалы «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары өтуде. Сарай үйірмелеріне 5 жастан – 18 жасқа дейінгі балалар 7 бағыт бойынша қабылданады. Бүгінгі таңда №2 оқушылар сарайында 84 үйірменің жұмысы жүріп тұрғандықтан, 5 жастан 17 жасқа дейін 3 мыңға жуық бала тіркелген, – деді Гүлбақша Төлегенқызы.
Балалар лагерьде көлік және техникалық шығармашылық шеберханалары мен робототехника және Hi-teach технологиялары бойынша білім алуда.
Музыка, театр студиясында, хор және хореографиялық залдарда, балалардың басқа да өнер түрлері саласындағы шығармашылық белсенділігін дамытатын музыкалық-эстетикалық бағыт та өз жұмысын белсенді атқарып тұр. Балаларды сурет салу техникасына баулитын шығармашылық қолөнер шеберханаларын, ART және Fashion студияларында эстетикалық талғамды дамытатын көркемдік бағыттың бар екенін айта кеткен жөн. Мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеп, нейро-психологиялық негіздерін қолданатын ерте дамыту бағыты да біраз оқушылардың қызығушылығын арттыруда.
Киіз үйдегі көңілді демалыс
210 баланы қамтитын Ақтоғай ауданындағы 6 күндік киіз үй лагері де өз жұмысын бастады. Шабанбай би елдімекенінде орналасқан «Жас турист» киіз үй лагері балалардың денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған. Қазақтың мәдениетін құрметтеуге бағытталған лагерьде балалар шығармашылық дарынын дамытуда.
– Киіз үйдегі лагерьде балаларға ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы патриотизмге тәрбиелеуді көздедік. Олардың дұрыс тамақтануы, таза ауада дене шынықтыруы – маңызды. Демалыс барысында тек мәдени-демалыс іс-шараларын өткізумен шектелмейміз, үйірме, клуб, экскурсияға апарып, жорықтарға шығарамыз. Киіз үйлі лагерь бағдарламасы бірнеше бағыт бойынша әртүрлі шараларды қамтиды. Ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырмақпыз, – дейді Ақтоғай ауданы білім бөлімінің мамандары.
Балалардың толыққанды демалысын ұйымдастырудағы киіз үйлі лагерьдегі күннің бірінші жартысы – белсенді демалысқа арналған. Бұл жерде балалар экскурсия, жарыстар, конкурстарға дайындалады. Екінші жартысында тыныш ойындар, әңгімелер айтылады. Киіз үйлі лагерь отрядтарға бөлінгендіктен, әр отрядтың өз атауы, ұраны бар.
Тәрбиешілердің сөзіне сүйенсек, жоспарланған шаралар оқушылардың тікелей қызығушылықтарына, денсаулығы мен қауіпсіздігіне бағытталған.
Лего-конструктор іздесең, IT- лагерьге кел!
Биыл сондай-ақ, Теміртау жоғары политехникалық колледжі базасында «жазғы IT-лагерь» бейіндік алаңы демалушыларын қарсы алды. IT-лагерь жас теміртаулықтарды кәсіпке ерте бағдарламақ.
Колледж оқытушыларының айтуынша, он күн ішінде Теміртау қаласының 100 оқушысы ақпараттық технологиялар негіздерін ұғынады. Оқу бағдарламалары жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын түрінде жасалған. 8-11 жас аралығындағы оқушылар TinkerCAD-та 3D модельдеумен танысады. Scratch-те ойын құрумен, Studio 2.0-де онлайн-Лего-конструкторларды құрастырумен айналысады. Ал, 11-15 жастағы балаларға Blender-де 3D модельдеу, Roblox-та өз ойын әзірлеу, медиа-контенті бар веб-бетті құру және жобалау қарастырылған.
Күніне екі сағаттық спорттық жаттығулармен қатар, этно-және экологиялық, шығармашылық шеберханалар, спорттық жарыстар, психологиялық тренингтер, бассейнге бару да жоспарда бар. Лагерьдегі демалыс күндер қорытындысы Қарқаралыға экскурсиямен жалғаспақ.
– Лагерьге колледждің барлық инфрақұрылымы жұмылдырылған. IT-орталық, спорт стадионы, спорт залдары, асхана бар. Лагерьдің штаттық қызметкерлері – колледж педагогтарынан құралған, – деді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің оқытушылары.
Жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болмақ. Аймақ оқушылары тегін үйірмелермен қамтылумен шектелмейді. Табиғат аясындағы киіз үйде демалып, жаңа технологияның қыр-сырын меңгереді. Барлық шаралар төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті полиция қызметкерлерін тарта отырып өткізілмек.
Мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық дамуы мен кемелдену кезеңі – жазғы демалыспен тікелей байланысты. Биыл балалардың күш-жігерін толықтырып, денсаулығы мен сауығуын нығайта түсетін кезеңнің жоспары да ерекше. Бір жағынан мазмұнды болып өткен демалысқа ата-ана да, жазғы демалысын ойдағыдай өткізген балалар да риза болғаны жақсы.
Білім басқармасы мамандары баланың көп уақытын теледидар мен компьютер алдында өткізбеуі аса маңызды екенін айтады. Ата-аналарға баланы жазғы сауықтыру орындарына жіберуге кеңес береді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz