«Бақыт деген сенің бала күндерің»
Облыста балалардың биылғы жазғы демалысын ұйымдастыру аясында 423 мектеп жанындағы лагерь жұмысын бастады. Мектеп жанындағы лагерьлерде 160 мыңға жуық оқушы демалады деп жоспарлануда. Балаларлың басым бөлігі жазғы демалысын қалалық жаңа Оқушылар сарайында және Майқұдықтағы 14 мектеп-гимназиясында және Теміртаудағы мектептерде өткізуде.
– Оқушылар сарайында Жаз – 2024 жазғы лагерьлер өтуде. Сарайда 5-6 жастан балалар қабылданды. Мамандар балаларға жазды қауіпсіз өткізуге ықпал ететін шараларды түсіндіруде. Балалар қазіргі таңда үш топқа бөлініп, лагерьде үйірмелерге қатысуда. Күн сайын балалардың жазғы уақыттарын тиімді өткізу үшін ата-аналар тарапынан ұсыныстар түседі. 1 ауысым және 2-3 ауысымдарға бөлініп мамандар жұмыс істейді. Балалардың Оқушылар сарайындағы жазғы демалысы тегін өтеді, – деді Оқушылар сарайының директоры Шариза Алтынбекова.
Сауықтыру қала сыртындағы 8 лагерьде (7 мың бала), 1 киіз үйде (210 бала), тамақтандыруды ұйымдастырумен 423 мектеп жанындағы лагерьде (32 мың бала) және тамақтандырусыз 452 бейінді мектеп жанындағы алаңда (110 мың бала) жүзеге асырылатын болады.
Оқушылар сарайындағы тіл, математика-логикалық шығармашылықтан сабақ беретін Гүлбақша Төлегенқызының айтуынша, балаларға жазғы лагерь ерекше әсер қалдыруда.
– 1 маусымда Балаларды қорғау күні барлық мектеп жанындағы лагерьлердің ашылуы басталды. Бұл күні барлық жерде «Қауіпсіз жаз», «қауіпсіз аттракцион», «қауіпсіз лагерь» профилактикалық акциялары өтіп, барлық мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істей бастады, – деді Гүлбақша Төлегенқызы.
Аяулым СОВЕТ.
Ortalyq.kz